Үкімет Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды. Негізгі басымдықтар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, экономикалық өсімді ынталандыру және инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу болып айқындалды.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы баяндама жасады. Инфляция, төлем балансы және Ұлттық қор мәселелері бойынша Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы қаржы министрі Мәди Такиев баяндады.
Болжамға сәйкес, 2027–2029 жылдары ЖІӨ-нің орташа жылдық нақты өсуі 5%-дан жоғары болады деп күтілуде. Номиналды ЖІӨ 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаймақ.
Олжас Бектенов экономикалық өсім бойынша бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономиканың өсуі 4,1% болды. Жыл қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің кемінде 5% өсімін қамтамасыз етуіміз қажет.
«Экономикалық өсім бойынша бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Болжамда экономикадағы қазіргі жағдай, дамудың сыртқы факторлары және халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен сыртқы нарықтардағы ахуалға қатысты бағалаулары ескерілген. Республикалық бюджет туралы заң жобасы халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және экономикалық өсімді ынталандыру міндеттерін шешу кезінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қажеттілігін есепке ала отырып әзірленді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу. Бұл ретте бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне және қаржылық тәртіпке ерекше назар аударылатын болады
Барлық мемлекеттік органдарға еліміздің белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеті – жұмсалған әрбір теңгеден түсетін табысты арттыру, ресурстарды мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адам капиталын дамытуға бағыттай отырып, қаржылық тәртіпті күшейту тапсырылды.
Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне Үкімет Аппаратымен бірлесіп, Құрылтайға заң жобаларын енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.