Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
458.48 534.68 5.43

2027-2029 жылдары Қазақстанның ЖІӨ-нің орташа жылдық нақты өсімі 5%-дан жоғары болады

Кеше, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды. Негізгі басымдықтар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, экономикалық өсімді ынталандыру және инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу болып айқындалды.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы баяндама жасады. Инфляция, төлем балансы және Ұлттық қор мәселелері бойынша Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы қаржы министрі Мәди Такиев баяндады.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өз баяндамасында отырыстың күн тәртібіне 2027-2029 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы енгізілгенін хабарлады.

«Болжам әлемдік экономика және сыртқы нарықтардағы конъюнктура бойынша болжамдарды ескере отырып қалыптастырылды. Халықаралық валюта қорының шілде айындағы жаңартылған болжамына сәйкес 2027 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3,4%-ды құрайды. Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға мұнай бағасы бойынша болжамдарын төмендетті. Консенсус болжам 1 бареліне $73 дейін төмендетілді. Осыны ескере отырып базалық нұсқадай мұнай бағасы бареліне $70 деңгейінде алынды. Сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда. Базалық нұсқаға сәйкес 2027 – 2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5%-дан жоғары деңгейде болжануда, мәселен, 2027 жылы – 5,3%, 2028 жылы – 5,5%, 2029 жылы – 5,4%. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі», — деді ол.

Оның айтуынша, экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардағы өндірісті ұлғайту арқылы қамтамасыз етілмек. Өңдеу өнеркәсібінің орташа жылдық өсу қарқыны (5,9%) тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан (2,0%) жоғары болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады.

Экономиканың өсу драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5%-ды құрайды.

Құрылыста өсу қарқыны 2027 жылы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артады деп болжануда. Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы жүзеге асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады.

Қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады. Сауда орта есеппен жылына 5,7%-ға, көлік және қоймалау 10,4%-ға, ақпарат және байланыс 9,2%-ға өседі.

«Оң сауда балансы сақталады. Тауарлар экспорты болжам бойынша 2027 жылы $82,8 млрд-тан 2029 жылы $88,5 млрд-қа дейін өседі, импорт – $80,5-тен $88,4 млрд-қа дейін. Инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 %, 2028-2029 жылдары 6-8% деңгейінде анықталған. Макро болжамның негізінде республикалық бюджеттің кірістері, трансферттерді есептемегенде, болжам бойынша 2027 жылы – 19,9 трлн теңгені, 2028 жылы – 21,7 трлн теңгені, 2029 жылы – 23,4 трлн теңгені құрайды», — деді вице-премьер.

Кепілдендірілген трансферт бюджет ережесін ескере отырып 2027-2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге және 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Сондай-ақ аса маңызды нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028-2029 жылдары әр жылға 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт қарастырылған.

Мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3% деңгейінде белгіленіп, 2029 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 0,4%-ға дейін төмендейді. Мұнайдан тыс тапшылық Жалпы ішкі өнімге қатысты 5,3%-дан 2,5%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңгені, 2028 жылы 29,4 трлн теңгені және 2029 жылы 29,6 трлн теңгені құрайды.

«Ұлттық қордағы жинақтардың ұлғаюы болжануда. Базалық сценарий кезінде Ұлттық қорға түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге және 2029 жылы 5,7 трлн теңге деңгейінде болжануда. Ұлттық қорға таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге және 2029 жылы 2,0 трлн теңге мөлшерінде күтіледі. Ұлттық қордың валюталық активтері 2027 жылы $65,2 млрд-тан 2029 жылы $70,6 млрд-қа дейін өседі деп болжануда. 2027 – 2029 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын қолдауды сұраймын», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив