Қаржылық бақылау талаптарын сақтау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетігі
Мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен мүлкі туралы декларацияларды белгіленген мерзімде ұсынуы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған маңызды талаптардың бірі.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы акт шығарылғанға дейін тиісті декларацияны ұсыну міндеті көзделген.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті жүргізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында декларацияларды белгіленген мерзімде ұсынбаудың 8 фактісі анықталды.
Аталған құқық бұзушылықтар Абай, Аягөз және Жаңасемей аудандарының жергілікті атқарушы органдарында орын алған.
Анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды. Кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 272-бабының 1-бөлігіне сәйкес ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, декларацияларды қабылдау және мемлекеттік қызметке орналасу рәсімдері барысында тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Департаменттің мәліметінше, анықталған фактілер мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде қаржылық бақылау талаптарының сақталуына және персоналды басқару қызметтерінің жауапкершілігіне ерекше назар аудару қажеттігін көрсетеді.
Осыған байланысты мемлекеттік органдарда декларацияларды ұсыну мерзімдерін бақылауды күшейту, жауапты қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметшілер арасында қаржылық бақылау талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу маңызды.
Қаржылық бақылау талаптарын сақтау мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте кезеңде анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді.