Жаңасемей ауданында кірпіш зауытының құрылысы басталды
Бүгін Жаңасемей ауданының Приречное ауылдық округінде «TANGSOLPAN» ЖШС кірпіш зауытының іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Таңшолпан» ЖШС бас директоры Хажай Тұрсынғазы қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жаңа өндіріс орнының аудан экономикасын дамытудағы маңызына тоқталып, жобаның өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететінін атап өтті.
Қытай серіктестерімен бірлескен жобаның жалпы инвестициялық құны – 1,5 миллиард теңге. Аумағы 3 гектарды құрайтын «Таңшолпан» ЖШС-нің жаңа зауытында күніне 100 мың данаға дейін, 4 түрлі кірпіш өндіріледі. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 36,4 млн дана кірпіш. Бұл өңірдің құрылыс материалдарына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, жергілікті өндіріс көлемін ұлғайтуға және сырттан жеткізілетін өнімге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде құрылыс алаңында 25 жұмысшы және 5–10 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Контейнерлер орнатылып, электр желілерін тарту және нысанды сумен қамтамасыз ету мақсатында ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары атқарылуда.
Тұрғындар іске қосылатын жаңа өндіріс орнына ризашылықтарын жеткізді.
Қазіргі уақытта негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық шаралары жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру мерзімі – 2027 жылдың сәуір айы. Жоба аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және ауданның іскерлік белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Соңғы жылдары облыста жаңа өндірістік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл Аягөз ауданында жылдық қуаттылығы 250 мың тонна мыс кенін өңдейтін «Sarybulak Operating» компаниясының байыту фабрикасы іске қосылды. Бүгінде өңірде «SUTO Kazakhstan» индустриялық паркі, құны 7,7 млрд теңгелік «Eurasia AgroSemey» ет өңдеу кешені, 7,1 млрд теңгелік «Qazaq Astyq Group» күнбағыс майын терең өңдеу өндірісі және басқа да ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.
Биылдың өзінде жалпы құны 34,6 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өңірдің инвестициялық әлеуетінің тұрақты артып келе жатқанын және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын айқын көрсетеді.










