Абай ауданының орталығында жаңғыртылған саябақ ашылды
Бүгін Қарауылда жаңғыртылған саябақ пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Саябақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен толық жаңғыртылды. Жаңғырту жұмыстарының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындары үшін қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру, демалыс пен спортпен айналысуға қажетті жағдай жасау және саябақтың сәулеттік келбетін жақсарту.
Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы жаңғыртылған саябақ ауыл тұрғындары үшін маңызды қоғамдық кеңістікке айналатынын атап өтті.
Жоба аясында тұрғындар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін футбол, волейбол және Street Workaut алаңдары, шахмат, теннис және тоғызқұмалақ үстелдері орнатылды. Саябақтың сыртқы жарықтандыру жүйесі толық жаңартылды. Аумақтың кешкі уақытта қауіпсіз әрі жарық болуын қамтамасыз ету мақсатында 79 жарықтандыру бағаны, 24 сәндік жарықтандыру тірегі және 55 LED шамдары қойылды.
Сонымен қатар, саябақтың сыртқы келбетін жақсарту және аумақты ретке келтіру үшін жалпы ұзындығы 900 метр болатын қоршау жөнделді. Саябақ ішіндегі жаяу жүргіншілер жолдары мен алаңдарға 1200 шаршы метрге жуық тақтатас төселді. Мұның барлығы – балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және тұрғындардың қауіпсіз демалуына бағытталған игі шаралар.










