Әлібек Қуантыров Латвияның көлік министрі Янис Витенбергспен кездесті
ҰЭМ басшысы атап өткендей, Латвия Қазақстанның Балтық өңіріндегі маңызды серіктестерінің бірі.
Қазақстан мен Латвия арасындағы өзара сауда көлемі 2022 жылы $216 млн. құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,5 есе жоғары.
Экспорт 5 еседен артық өсіп, $182 млн. құрады
Импорт 40,7 %-ға артып, $161млн. құрады.
Ә.Қуантыровтың сөзінше, қазіргі геосаяси жағдай сауда арналарының бағытын өзгертті. Өткен жылы тауар ағынының қайта бөлінісі сыртқы сауданың айтарлықтай өсуіне әкелді.
Бұл жағдайда Қазақстанның Еуропаға көлік бағытын әртараптандыруға және үлкен көлемдегі жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз етуге арналған Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) рөлі артып келеді.
«Қазақстан Еуразия құрлығының орталығында орналасқан және мұхитқа шыға алмайтын елдердің қатарында. Бұл транзиттік әлеуетті арттырудың балама жолдарын іздеуге ынталандырады. Сондықтан Орта дәліз сауда байланыстарын дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін», - деді министр.
Осыған байланысты, Латвия тарапы жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп, Скандинавия елдеріне және одан әрі Еуропаға жүктерді жеткізу үшін Латвия порттарының әлеуетін пайдалануды ұсынды.
Сондай-ақ кездесу барысында тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, туризм мен білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша министр ағымдағы жылдың 8-9 маусымында өтетін Астана халықаралық форумында осы тақырыптарды жан-жақты талқылау үшін Латвия өкілдерін шақырды. Өз кезегінде Янис Витенбергс мырза Латвияның Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.