Абай облысында алғаш рет жаңа форматта әскерге шығарып салу рәсімі өтті
Бүгін Семей қаласындағы ҚР Мемлекеттік рәміздер алаңында «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында мерзімді әскери қызметке шақырылған Абай облысының 60 жас азаматын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басшылығы, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, жастар, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Абай облысында «Сарбаз жолы» жаңа форматындағы шығарып салу рәсімі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызмет өткерудің негізгі кезеңдерін – әскерге шақыруды, Әскери ант қабылдауды және запасқа шығаруды қамтитын армиялық дәстүрлерді жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қыркүйек айынан бастап облыстың қалалары мен аудандарында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жыл соңына дейін еліміз бойынша 21 мыңнан астам, ал Абай облысынан 1500-ден астам азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастарға ақ жол тілеп, әскери қызметтің азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
Сонымен қатар шараға арнайы келген ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев та сөз сөйлеп, әскери қызметке аттанған жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Шарада сарбаздардың ата-аналары сөз сөйлеп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастарға ақ жол тіледі.
Күзгі шақыру барысында 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ азаматтар Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі қатарында әскери борышын өтейді.
Айта кетейік, кездесу барысында аймақ басшысы болашақ сарбаздарға естелік кітаптар сыйға тартты.










