Берік Уәли Семейдегі әскери бөлімге барды
Аймақ басшысы Берік Уәли Семейде орналасқан 28738 әскери бөліміне барып, оның қызметімен, жеке құрамның тыныс-тіршілігімен және материалдық-техникалық базасымен танысты.
Әскери нысан 1972 жылы артиллериялық полк ретінде құрылған. 1975 жылы полкке жауынгерлік Қызыл ту және оған берілгені туралы грамота табысталды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылғаннан кейін әскери бөлім корпустық артиллериялық полк ретінде қайта құрылып, 1-әскери корпус құрамына берілді. 1999 жылдан бастап артиллериялық бригада ретінде қызмет етсе, 2000 жылдан бастап Қарулы Күштердің Шығыс әскери округіне бағынды.
Бүгінде бөлім аумағында 15 түрлі ғимарат орналасқан. Мұнда 1000-ға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Жеке құрамның әскери даярлығына, тұрмыстық жағдайына және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінеді.
Аралау барысында облыс әкімі әскери бөлімнің казармалық-тұрмыстық жағдайын, оқу-жаттығу базасын және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін көрді.
Сондай-ақ аймақ басшысы әскери қызметшілермен, сарбаздармен, оқушылармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында сарбаздардың қызмет барысына қатысты ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Сонымен қатар, әскери қызметшілер, сарбаздар және Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген қатардағы жауынгерлердің ата-аналары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.








