Cемей30°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
456.89 531.36 5.32

Еңбек министрлігі мен «Теңізшевройл» жұмыспен қамту, кадр даярлау және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін талқылады

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Уильям Лакобимен, Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Нұрмұхамед Картабаевпен, сондай-ақ адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджер Кәмшат Байжановамен кездесті.  Кездесу барысында халықты жұмыспен қамту, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ тәлімгерлікті дамыту және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мәселелері талқыланды.

Кездесудің негізгі мәселелерінің бірі экономиканың нақты сұранысына сай кадр даярлау болды. 2026 жылы министрлік жұмыссыз азаматтарды, жастарды, сондай-ақ оқып, қайта даярлаудан өтіп жатқан адамдарды қоса алғанда, 548 мың азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл ретте кадр даярлау жүйесін сұранысқа ие мамандықтар мен қажетті дағдыларға барынша бейімдеу үшін ірі жұмыс берушілермен бірлескен жұмысты күшейтуге ерекше мән берілуде.

«Біздің міндетіміз азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесумен қатар, еңбек нарығының нақты сұранысына сай білікті мамандар даярлау. Бұл ретте оқыту, тәлімгерлік және тәжірибелі мамандардың білімін қазақстандық кадрларға беру маңызды рөл атқарады», – деді Асқарбек Ертаев.

Кездесуде «Теңізшевройл» ЖШС-дегі кадрлық жағдайға да ерекше назар аударылды. Бүгінде компания қызметкерлерінің 96%-ы – Қазақстан азаматтары. Ал 1993 жылы бұл көрсеткіш 50% болған. Сонымен қатар компанияның жоғары және орта буын басшылары арасында қазақстандық мамандардың үлесі 90%-дан асады.

Қатысушылар компанияның қазақстандық кадрлардың кәсіби әлеуетін дамытуға қосып отырған елеулі үлесін атап өтті. Сондай-ақ кәсіби білім мен халықаралық озық тәжірибені қазақстандық мамандарға жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Еңбек қауіпсіздігі – біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. ТШО үшін әр қызметкердің өмірі мен денсаулығы – басты басымдық. Біз қауіпсіздік мәдениетін одан әрі нығайтып, әлемдік тәжірибелерді енгізіп, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіріп келеміз. Компания қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысшылары үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге басымдық береміз. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және адами капиталды дамыту, мамандар даярлау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайынбыз», – деп атап өтті Уильям Лакоби.

Қызметкерлердің қауіпсіздігі мен еңбек құқықтарын қорғау да кездесудің негізгі мәселелерінің бірі болды. Компанияда ұжымдық шарт жасалған және кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Биыл «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген жоқ. Бұдан бөлек, өндірістік қызметке байланысты жазатайым оқиғалар тіркелмеген.

Министр еңбек құқықтарының сақталуы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін қадап айтты. Жыл басынан бері министрлікке Қазақстанның барлық өңірінен түрлі мәселелер бойынша азаматтардан 68 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Оның ішінде жалақы төлеу және еңбек дауларына қатысты мәселелер де бар. Осыған байланысты қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

Ынтымақтастық аясында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және еңбек мәдениетін нығайту басты бағыттардың бірі болып қала береді. Асқарбек Ертаев «Теңізшевройл» компаниясының еңбек адамының мәртебесін көтеруге, тәлімгерлікті дамытуға және еңбек дәстүрлерін сақтауға бағытталған республикалық «Еңбек жолы» конкурсын көп жылдан бері қолдап келе жатқаны үшін компания басшылығына алғыс білдірді.

«Ірі компаниялар тек жұмыс орындарын құрумен шектелмей, еліміздің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға да атсалысуы керек. Оқыту, тәлімгерлік және тәжірибе алмасу арқылы қазақстандық мамандардың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік жасаймыз», – деп қорытындылады Асқарбек Ертаев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыспен қамту, кадрларды жоспарлау, мамандарды даярлау мен қайта даярлау, еңбек құқықтарын қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру бағыттарындағы жүйелі жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады. Бұдан бөлек, тәлімгерлікті дамытуға, кәсіби дағдыларды тәжірибе арқылы беруге және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға ерекше мән берілетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив