Cемей32°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
450.79 524.13 5.31

Берік Уәли Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесті

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.

Жиында алдымен Бесқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысы өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Бесқарағай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 16,9 млрд теңгені құрады. Егіс алқабы – 67,5 мың гектар. 9 қыркүйектегі мәлімет бойынша 12,4 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналып, 11,5 мың тонна астық бастырылды. Биыл аудан шаруалары 38 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.

Жалпы биыл ауданда 11,3 млрд теңгеге 8 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 185 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазір «Qazaq Onimi» компаниясының 416 гектар жерге 720 млн теңгеге суару жүйесін орнату жобасы іске қосылып, 10 жұмыс орны құрылды.

Туризм саласында Шипалы көл аумағындағы санаторийге электр желісі тартылуда. Ескі бекініс ауылындағы «KISLOROD» демалыс базасында туристік және балық шаруашылығы қатар дамытылып, «Zhylandy Eco Village» демалыс базасын кеңейту жоспарланып отыр.

Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытында Морозовский орман шаруашылығы, Жыланды, Мостик, Башкөл және Малая Владимировка ауылдарына су берілді. Кривинка мен Глуховкада құрылыс жалғасуда. Канонерка, Бозтал және Белокаменка ауылдарында су құбырлары салынып жатыр. Бес ауылда көше жарықтары ауыстырылды.

Кривинка, Жетіжар, Долон және Бөдене ауылдарындағы жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын 8 көше жөнделді. «Канонерка – Белокаменка» автомобиль жолының 8,5 шақырымын жөндеу басталды.

Тұрғын үй мәселесін шешу үшін жеке құрылыс салушылар есебінен жаңа шағын аудан салынып жатыр. Мұнда 20 екіпәтерлі тұрғын үй, яғни 40 пәтер салу жоспарланған.

Білім саласында ауданның 9 мектебінде ағымдағы жөндеу жүргізілуде. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 7 шағын жинақты мектепке 12 мамандандырылған кабинет жабдықталды. «Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында Бесқарағай шығармашылық үйі заманауи кабинеттермен жабдықталды. Төрт мектепке жаңа автобус беріледі.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 11 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілді. Аудандық ауруханаға 22,2 млн теңгеге жаңа медициналық техника сатып алу көзделген. Сондай-ақ облыс әкімі 1 JAC Sunray және 2 «ГАЗель-NEXT» санитариялық автокөлігін арнайы табыстады.

Бесқарағай ауылында бассейн, Ерназар ауылында спорттық модуль салынып жатыр. Ауылдық кітапханалар базасында 56,2 млн теңгеге «Жаңа клуб» комьюнити-орталығын құру жобасы жүзеге асырылуда.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында «Қазақтелеком» АҚ 2026-2027 жылдары ауданның 21 ауылына талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр. Қазір 12 ауылда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай» автожолының бойына 3 антенна-діңгек құрылғысын салу көзделген.

Аймақ басшысы аудандағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.

«Атқарылған жұмыстарды саралап, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап беру үшін Бесқарағай ауданына арнайы келіп отырмыз. Әрине, қордаланған мәселелердің барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, халық үшін аса өзекті мәселелер, жолдардың жағдайы, ауыз сумен қамту және ауылдарды жарықтандыру мәселелері ерекше назарда. Әлі де әлеуметтік-экономикалық жүйелі жақсарту шараларын жалғастыруымыз қажет. Бүгінде аймақтағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді қолға алдық. Олардың қатарында әлеуметтік нысандардың жай-күйі, материалдық техникалық-базасын жаңарту, оқушылардың орын тапшылығын азайту мен өзге де маңызды мәселелер бар. Сіздер көтеретін әрбір мәселе – біздің ортақ міндетіміз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен кері байланысты нығайтып, өңірдің барлық аумағын тең дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі. Облыс тұрғындарының қолдауы мен белсенді азаматтық ұстанымы – Бесқарағай өңірі дамуының негізгі кепілі», – деді Берік Уәли.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Облыс әкімі көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын айтты.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, «Ауыл аманаты» бағдарламасы және мектепке дейінгі білім беру мәселелері көтерілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив