Абай облысында ауыл шаруашылығы өндірісі қарқын алды
Абай облысында Мемлекет басшысының 2024–2028 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Мүбәрәкұлы мәлімдеді.
2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 104,8%-ды құрады. Мал шаруашылығында да өсім бар. Жеті айда ет өндірісі 75,8 мың тоннаға, сүт өндірісі 186 мың тоннаға жетті. Ірі қара саны 898,8 мың басқа, ұсақ мал 1,5 млн басқа, жылқы 482,5 мың басқа, құс саны 1,79 млн басқа жетті.
«Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша жалпы құны 15 млрд теңге болатын 19 жоба қалыптастырылып, 7 180 бас асыл тұқымды ірі қара мен 5 мың бас ұсақ мал импорттау жоспарлануда. «Жайлау» бағдарламасы бойынша 5,2 млрд теңгеге 18 жоба пысықталуда.
Егін жинау науқаны да жалғасуда.
Өңірде ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға да басымдық берілуде. 2029 жылға дейін болатын 19 жоба жүзеге асырылмақ. Биылғы алты жоба аясында 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Олардың қатарында жылына 11,4 мың тонна ет өңдейтін «Eurasia Agro Semey» кешені және жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін «Qazaq Astyq Group» желісі бар. Сондай-ақ 4 млрд теңгеге «Агролидер KAZ» зауыты іске қосылды.
Семей қаласында 1 200 басқа арналған сүтті-тауарлы ферма және жылына 36 мың тонна өнім өндіретін «Ertis Onimderi» сүт зауытын іске қосу жоспарлануда. «Калиқанұлы» шаруа қожалығының сүт өңдеу зауытының қуаты тәулігіне 15 тоннадан 55 тоннаға дейін арттырылмақ.