Көкпекті ауданындағы орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп жатыр
Облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті аудандық ауруханасы ғимаратындағы ішкі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аурухана ғимараты 2010 жылы салынған. Қазіргі таңда медициналық мекемеде 243 адам еңбек етеді. Аурухананың стационары хирургия, инфекциялық, перзентхана және терапия сияқты төрт бөлімшеден тұрады. Тәулік бойғы стационарда 40 төсек, ал стационар жанындағы күндізгі бөлімде 10 төсек бар.
Қазіргі уақытта ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, едендер, терезелер мен есік блоктары күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар ас блогы, кір жуатын орын, дезинфекциялау бөлімшесі, галерея және балалар бөлмесінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарын 2027 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Бір жыл бұрын ауруханада күрделі жөндеу жүргізіліп, жедел жәрдем блогының кіреберісі қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, аурухана ғимаратының қасбеті жаңартылды. Алайда кіре берістегі кафельдер түсе бастаған.
Аймақ басшысы аурухананың бас дәрігеріне ескерту жасап, орын алған олқылықтарды қысқа мерзімде жоюды, мердігерлерге ауруханада жүргізіліп жатқан жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданның Биғаш, Шәріптоғай, Мамай, Үлгілімалшы, Үшкөмей және Қарамойыл ауылдарында медициналық нысан салынды. Нәтижесінде 1550 ауыл тұрғыны медициналық көмекпен қамтылды.









