Cемей13°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
446.56 512.34 5.3

Көкпекті ауылында заманауи сауда орталығы салынып жатыр

Кеше, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті ауылында жеке кәсіпкер Нұрбек Әкімбаевтің жеке қаражаты есебінен салынып жатқан сауда орталығының құрылыс барысын көрді.

Нысанның құрылысы биыл басталған. Ғимарат екі қабатты және қосымша төменгі қабаттан тұрады. Жалпы аумағы – 1 200 шаршы метр. Инвестициялық жобаның құны – 190 миллион теңге.

Ғимаратты аралап көрген аймақ басшысы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және ауданда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

«Аудан орталығына қажетті нысан болайын деп тұр. Ғимарат жақсы салынған, кең, биік. Ең бастысы, бәсеке болуы керек. Бәсеке болған жерде сапа да, баға да қолжетімді болады. Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз», – деді Берік Уәли.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 4 ай бұрын облыс әкімі Көкпекті ауданы аумағындағы «Омбы – Майқапшағай» республикалық маңызы бар автожолының бойында жүзеге асырылатын жол бойы сервистік нысандары жобаларымен танысқан болатын.

Жоба аясында кемпинг пен жанармай құю станциясының құрылысы жүргізіледі. Жалпы аумағы 2 гектар болатын нысан заманауи және ұлттық нақышта безендіріліп, ұзақ жол жүретін жүргізушілер мен саяхатшыларға арналған заманауи қызмет көрсету орталығы болмақ. Мұнда 20 орындық қонақ үй, балалар ойнайтын алаң, дәмхана, ана мен бала бөлмесі болады. Инвестициялық жоба құны – 900 млн теңге.

Осы күре жолдың бойында іске асыру жоспарланып отырған тағы бір жоба – «Ұлы дала тұрағы» нысаны. Кемпинг аумағы 2069 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында қонақ үй, маркет, қоғамдық тамақтану орны, жанармай құю станциясы, электр қуаттау станциясы және газ құю станциясын салу көзделген. Инвестициялық жоба құны 2 миллиард теңгеге жуық.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив