Облыс әкімі Көкпекті ауданындағы Қарамойыл ауылының тыныс-тіршілігімен танысты
Аймақ басшысы Берік Уәли Көкпекті ауданының Қарамойыл ауылына барды. Бүгінде елді мекенде 207 адам тұрады, 68 тұрғын үй бар.
Облыс әкімі әуелі «Талап» шаруа қожалығының басшысы Жұмабек Күшікбаевтың Қарамойыл және Ақой ауылдарының тұрғындары үшін өз қаражатына салған клуб ғимаратында болды.
«Талап» шаруа қожалығы ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосып келеді. Жұмабек Күшікбаев 2014 жылы «Туған елге тағзым» жобасы аясында Гагарин атындағы бастауыш мектеп ғимаратын сатып алып, толық жөндеуден өткізген. Қазір мұнда даярлық тобын қоса алғанда 17 бала білім алады. Кәсіпкер сондай-ақ «Қаладан – ауылға» жобасы аясында ауылға бір отбасын көшіріп әкелген.
Ерекше атап өтерлігі, Жұмабек Күшікбаев ауылдағы мәдениет үйін халық игілігі үшін аудан әкімдігіне сыйға берді.
Аймақ басшысы «Қаладан – ауылға» жобасы аясында Қарамойылға қоныс аударған көпбалалы отбасы Андрей мен Галина Русякиндердің үйіне барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Отағасы Андрей Русякин «Талап» шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс істейді. Отбасында жеті бала тәрбиелеп отыр.
Жыл басынан бері Көкпекті ауданына 50 отбасы, барлығы 131 адам қоныс аударды. Оның ішінде Семей қаласынан 41 адам, еліміздің өзге өңірлерінен 90 адам көшіп келген.







