«Семейді сүю – тарихқа бас ию»: Семейде Қала күні кең көлемде аталып өтті
Семейде Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында ауқымды гала-концертпен қорытындыланып жатыр. Биыл қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік бағдарлама «Семейді сүю – тарихқа бас ию» тақырыбында ұйымдастырылып, жеті күнге жалғасты.
Гала-концерттің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли барша семейліктерді Қала күнімен құттықтады.
Қала күніне арналған мерекелік шаралар аясында 20-дан астам мәдени және спорттық іс-шара өтті. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, көрмелер, балалар өнер фестивалі, концерттік бағдарламалар және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бәйге, аударыспақ, арқан тартыс, қол күресі, гір көтеру, жекпе-жек және «Семей батыры» сайыстары қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын дәріптейтін «TUNGI RUN – SEMEY» түнгі жүгіру және ұлттық ойындар арқылы халқымыздың дәстүрі мен рухани құндылықтары кеңінен дәріптелді.
Жеті күнге созылған мерекелік шаралардың қорытындысы ретінде Республика алаңында үлкен Open Air Гала-концерті өтіп жатыр. Сахнада Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, AYREE, Ернар Амандық, сондай-ақ, Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM O-ZONE сынды танымал әншілер өнер көрсетеді. Мерекелік кеш отшашумен түйінделеді.









