Cемей18°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
448.44 514.81 5.33

Абай облысында жол-көлік оқиғаларының саны азайып келеді

Бүгін, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында аймақ басшысы Берік Уәли облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу туралы баяндады.

Қазіргі таңда облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 044 шақырымды құрайды. Аймақта жол жүрісі қағидаларының бұзылуының алдын алуға бағытталған 2 865 бейнекамера бар.

Өңірде 180 мыңнан астам автокөлік құралы тіркелген. Олардың саны жыл сайын орта есеппен 5–7 мыңға артып келеді. Биыл жол-көлік оқиғаларының саны 33,1 пайызға төмендеді. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 637 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2026 жылдың есепті кезеңінде олардың саны 426-ға дейін азайды. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер саны да 32,1 пайызға төмендеп, 985 адамнан 669 адамға дейін кеміді.

Қазіргі уақытта жол қозғалысын бақылаудың заманауи құралдары кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, 12 «EKIN Patrol», 5 «Сергек Patrol» мобильді кешені және 8 дрон пайдаланылуда. «Қорғау» жүйесі арқылы 19 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Семей қаласында Оперативтік басқару орталығына қосылған 1931 «Сергек» бейнекамерасы жұмыс істейді. 2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қалада жол-көлік оқиғаларының саны 34,3 пайызға төмендеді. Облыс орталығында жасанды интеллект негізіндегі «SUNGAR» автоматты тіркеу кешені орнатылып, қазіргі уақытта тестілік режимде пайдаланылып отыр.

Сонымен қатар, облыстың республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 8 қақпаға орнатылған 16 «Зерек» бейнекамерасы жұмыс істейді. Облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы мен аумағын ескере отырып, патрульдік полицияның штат санын 100-ге дейін ұлғайту мәселесі шешілді. Сондай-ақ, полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыс әкімдігі тарапынан жергілікті бюджет қаражаты есебінен 137 арнайы қызметтік көлік сатып алынып, берілді.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалпы ұзындығы 447,5 шақырым болатын учаскелерде қайта жаңғырту және орташа жөндеу жүргізілуде. Облыстық және жергілікті жол желілері бойынша жалпы ұзындығы 222,6 шақырым автомобиль жолында орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек 2 500-ден астам жол белгісі орнатылып, 4 812 шақырым жол таңбасы жаңартылды. Сондай-ақ, 13 шақырым жануарлардан қорғайтын қоршау, 10 бағдаршам нысаны, 25 учаскеде жасанды жол кедергілері, жаяу жүргіншілер қоршаулары мен дөңгелек тосқауылдар орнатылды.

«Жалпы, облыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Патрульдік бақылауды күшейту, жолдардың қауіпті учаскелерін инженерлік тұрғыдан жабдықтау және автоматты бақылау құралдарын одан әрі кеңейту бойынша жұмыс жалғасуда. Жол қозғалысы қауіпсіздігі мен автомобиль жолдарының сапасын арттыру мәселелері облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында», – деді Берік Уәли.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив