Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
447.85 513.46 5.31

Депутаттар көшпелі отырыста көлік саласын дамыту мәселелерін талқылады

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті Көлік министрлігінің Ахуалдық орталығында комитет жетекшісі Әмірбек Оспанбековтің төрағалығымен «Көлік саласының ағымдағы жағдайы және дамуы» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді. Талқылауға Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары және салалық сарапшылар қатысты.

Көшпелі отырысты ашқан Әмірбек Оспанбеков Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық мемлекетке айналдыруды стратегиялық міндет ретінде айқындап бергенін атап өтті.

Бүгінде көлік саласы ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып отыр. Соңғы бес жылда аталған сектордағы өндіріс көлемі үш есеге жуық өсті, ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша 14 трлн теңгеден асуға тиіс. Қазіргі жағдай бойынша 11 мың шақырымға жуық автомобиль жолдарында жаңғырту жұмысы жүріп жатар.  Ішкі және транзиттік жүк тасымалының жылдық көлемі 1 млрд тоннадан асады.

Жиында комитет төрағасы жол құрылысының сапасына ерекше назар аударды.

– «Таза Қазақстан» акциясы барысында Мемлекет Басшысы еліміздегі жол инфрақұрылымының жағдайын өткір сынға алды. Президент Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге қала ішіндегі және аймақаралық маңызы бар автожолдардың сапасын ретке келтіруді тапсырды. Бұл бағытты мемлекеттік басқарудың ең әлсіз тұсы ретінде атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын республикалық және өңірлік жолдарды салуға және жөндеуге мемлекет тарапынан қыруар қаражат жұмсалуда. Өкінішке қарай, салынған жолдардың сапасы сын көтермейді. Тіпті жаңа салынып қолданысқа берілген жолдардың өзі аз уақыт ішінде қайта жөндеуді талап етуде. Президентіміз атап өткендей ендігі жерде осындай кемшіліктерге жол бермеу үшін заң аясында қатаң шаралар қолдану қажет, – деді Әмірбек Оспанбеков.

Көшпелі отырыс барысында депутаттар Көлік министрлігінің «Цифрлық үкімет» шеңберінде іске асырылып жатқан цифрлық шешімдерімен, сондай-ақ ведомство қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың мысалдарымен танысты. Салалық кәсіпорындардың өкілдері Smart Cargo платформасын қоса алғанда, заманауи бейнебақылау жүйелерін және логистикалық процестерді автоматтандыруға арналған құралдарды назарға ұсынды. Сондай-ақ автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту барысы мен жол саласын дамыту бағытындағы ғылыми-технологиялық шешімдер туралы баяндады.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша сараптамалық талқылау өтіп, депутаттар саладағы бірқатар маңызды мәселелерді, соның ішінде отандық шикізат пен жол саласының материалдарын өндіруді қолдау үшін ғылыми жобаларды қаржыландыруды нақтылады. Мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін әзірлеу үшін арнайы жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында шалғай ауылдарға жол салу, ортақ қолданылатын жолдардағы ауыр жүк көлігінің қозғалысы, сондай-ақ жол құрылысына арналған отандық шикізат өндірісі сынды мәселелер қамтылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив