Абай облысындағы Байбура асуында еліміздегі алғашқы заманауи жылыту бекеті ашылды
Халықаралық «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолының бойындағы Байбура жылыту бекетінің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.
Таулы аймақта орналасқан Байбура асуында қатты жел, ұзаққа созылатын боран мен қарлы бұрқасын жиі кездеседі. Жаңғыртылған бекет осындай жағдайда жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларды уақытша орналастыруға, арнайы техниканың жұмысын қамтамасыз етуге арналған.
Ерекше атап өтерлігі, бұл – республика бойынша іске қосылған алғашқы жылыту бекеті.
Нысанды жаңғырту жұмыстары биылғы мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Мұнда 20 адамға арналған жылыту және демалу орны, асхана, санитариялық тораптар мен жуыну бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар, екі техникаға арналған жылы ангар, көлемі 350 текше метр болатын құм және тайғаққа қарсы материалдарға арналған жабық қойма салынды. Нысанның аумағында тікұшақ алаңы да бар. Бұл, әсіресе, күрделі ауа райы жағдайында құтқару және шұғыл медициналық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру үшін маңызды.
Байбура асуындағы күрделі табиғи-климаттық жағдай қыс мезгілінде көлік қозғалысына айтарлықтай әсер етеді. 2024 жылғы 16 ақпанда болған боран кезінде осы аумақта 126 көлік қар құрсауында қалды. 384 адамды құтқару жұмыстарына екі Ми-17 тікұшағы жұмылдырылған болатын.
Бекеттің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұндай нысандардың маңызы зор екенін атап өтті.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев өңірде жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Шара барысында аймақ басшысы арнайы техникалардың кілтін де табыстады.
Жылыту бекетін жаңғырту Қытай Халық Республикасы – Майқапшағай – Зайсан қаласын айналып өту – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасы бағытындағы KAZ07 республикалық маңызы бар автомобиль жолында жүзеге асырылды. Жоба «Қалбатау – Майқапшағай» жолының 906-1321 шақырымын реконструкциялаудан үнемделген бюджет қаражаты есебінен іске асырылды.
Байбура асуындағы 40 шақырым жол да қайта жаңғыртылды. Мұнда 3 көпір, 51 су өткізу құбыры салынып, 42 665 текше метр тосқауыл қоршауы мен 425 жол белгісі орнатылды. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Қардан қорғайтын қоршаулар мен су бұру науаларын орнату жалғасуда.
Абай облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 10 044 шақырым. Республикалық маңызы бар жолдардың 447,5 шақырымында жөндеу жүргізілуде. 188 шақырымында қайта жаңғырту, 259,5 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Облыстық және жергілікті жолдардың тағы 222,6 шақырымы орташа жөндеумен қамтылған. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2 500-ден астам жол белгісі орнатылып, 4812 шақырым жол таңбасы жаңартылды. Сондай-ақ 13 шақырым жануарлардан қорғайтын қоршау, жаяу жүргіншілер қоршаулары мен дөңгелек тосқауылдар орнатылды. Облыста 2 865 бейнекамера жұмыс істейді.










