Абай облысында жер қатынастары және қала құрылысы бағытындағы жұмыстар жалғасуда
Абай облысында жер ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы жерлерін қайта айналымға енгізу және қала құрылысы құжаттарын әзірлеу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Бейсенов мәлімдеді.
Жерді тиімді пайдалану және жайылым тапшылығын азайту мақсатында 8 ауданда жайылымдарды басқару жоспарлары әзірленіп, бекітілді. Мақаншы және Аягөз аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Бұдан бөлек, бұрынғы Семей сынақ ядролық полигоны жерлеріне қатысты жұмыстар жүргізілуде. 505,4 мың гектар ластанған аумақ босалқы жерлер құрамына ауыстырылып, 473,5 мың гектар таза аумақ Жаңасемей ауданының балансына ауыл шаруашылығы айналымына енгізу үшін берілді. Сондай-ақ ластанған аумақтағы 8 шаруа қожалығына тиесілі 13 жер учаскесін мемлекеттік мұқтаждық үшін алып қою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қала құрылысы бағытында Семей қаласының Бас жоспарын түзету жұмыстары жалғасуда. Қаланың негізгі көлік қаңқасы әзірленіп, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жасалды. Сонымен қатар ЖЭО-3-ті орналастыру және айналма автомобиль жолының өту мәселелері қарастырылуда.