«Заң мен тәртіп»: ҮЕҰ құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр
Қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында бірқатар жобаны қолға алды. Олар құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтар мен есірткі қылмысының алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ жазасын өтеп шыққан адамдардың қоғам өміріне қайта бейімделуіне қолдау көрсету бағыттарын қамтиды.
Ірі жобалардың бірі – «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» республикалық жобасы. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жоба аясында 50 іс-шара өткізіліп, оған 6 мыңнан астам адам қатысты. Тағы 2300 тұрғын құқықтық және психологиялық көмекке жүгінді.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға да айрықша мән беріледі. «Жастарға құқықтық тәрбие беру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында прокуратура және полиция өкілдерімен өткен кездесулерге 3500-ден астам адам қатысты. Кездесулерде құқықтық жауапкершілік, киберқауіпсіздік, жастардың есірткі қылмысына тартылу қаупі және құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу мәселелері айтылды.
Esirtkisiz QAZAQSTAN республикалық жобасы аясындағы өңірлік Meet Up кездесулерінде мемлекеттік органдар, прокуратура, полиция және жастар ұйымдарының өкілдері алдын алудың заманауи тәсілдері мен Mergen ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін талқылады.
Zhetysu Digital Anti-Drug Hub жобасы Жетісу облысының сегіз ауданы мен екі қаласын қамтиды. Тұрғындар заңгер, психолог және нарколог мамандардан кеңес ала алады. Аталмыш жоба аясында SafeLine сервисі арқылы 218 адам кеңес алуға жүгінді.
Сонымен қатар жазасын өтеп шыққан жастардың қоғамға қайта араласуына жағдай жасау – жұмыстың басым бағыттарының бірі. ReStart жобасы Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы 100 адамды қамтыды. Қатысушылар жұмысқа орналасу, оқу, баспана және мемлекеттен көрсетілетін қолдау шараларын пайдалану бойынша кеңес алды.
Жобалар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы бөлген гранттар есебінен қаржыландырылады.