Абай облысында табиғи монополия субъектілері жаңғыртуға 115 млрд теңгеден астам қаржы бағыттайды
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тарифтерді бақылау және тозған желілерді жаңарту өңірдегі табиғи монополиялар саласындағы негізгі бағыттардың бірі болып отыр.
Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Абай облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының орынбасары Әлі Абуталипов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде өңірде 36 табиғи монополия субъектісі бар. Оның сегізі бес жылдық кезеңге есептелген ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар бойынша негізгі қорларды жаңғырту, қайта жаңарту және жаңарту бағыттарын қамтитын инвестициялық бағдарламалар бекітілген.
Қалған 28 кәсіпорын шағын қуатты табиғи монополия субъектілеріне жатады. Бұл ретте барлық субъектілердің қызметі, оның ішінде бекітілген тарифтер мен тарифтік сметалардың сақталуы бейінді департаменттің бақылауында.
Ведомство басшысының орынбасары атап өткендей, 2026 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша 15 табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік істер қозғалған.
Сонымен қатар, 20 субъект бойынша уақытша өтемдік тарифтер бекітілді. Олардың жалпы сомасы 183,2 млн теңгені құрады. Сондай-ақ департамент реттеліп көрсетілетін бірқатар қызметтер бойынша негізсіз алынған кіріс сомаларын есептеген.
Тарату желілері арқылы су беру қызметі бойынша негізсіз алынған кірістің жалпы сомасы 71,7 млн теңгені құрады. Су бұру қызметі бойынша бұл көрсеткіш 1,6 млн теңге, ал жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және жабдықтау қызметтері бойынша 25,2 млн теңгені құрады, – деп атап өтті Әли Абуталипов.
Департамент табиғи монополия субъектілерінің тарифтік сметаларды орындауына да ерекше назар аударады. Оларды бұзу әкімшілік шараларға және тариф деңгейін қайта қарауға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар жобалар іске асырылуда. Абай облысында жылумен, сумен жабдықтау және электр желілері шаруашылығының ірі нысандарын жаңарту көзделген.