Вице-Президент Ерлан Қарин Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысымен кездесті
Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиевпен кездесу өткізді.
Ерлан Қарин Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысына «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» ІІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар Вице-Президент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының мәні мен мазмұнына тоқталды. Дәлірек айтқанда, кейінгі жеті жыл ішінде Президент реформалары нәтижесінде түрлі салада қол жеткізілген маңызды жетістіктер туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде Арслан Койчиев Қырғыз елі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын жоғары бағалайтынын атап өтіп, Қазақстанда қолға алынған реформалардың одан әрі табысты іске асырылуына тілектестік білдірді.
Ерлан Қарин соңғы жылдары екі ел көптеген мәдени және ғылыми жобаларды бірлесе жүзеге асырып келе жатқанын еске салды. Мұндай бастамалар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етуде.