Құрылтай Азия елдеріне су ресурстарын тиімді пайдалануды ұсынды
Тәжікстан астанасында Азия Парламенттік Ассамблеясының Мәдениет және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комитетінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, комитет мүшесі Жарқынбек Амантайұлы қатысты.
Отызға жуық мемлекеттің парламентарийлері бас қосқан жиында бірқатар маңызды бағыт бойынша резолюциялар қабылданды. Атап айтқанда, Азия елдері арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайту, жастардың әлеуетін дамыту, заң шығару үдерісіне әйелдердің қатысуын арттыру, сондай-ақ парламентаралық ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Алқалы жиында Жарқынбек Амантайұлы Қазақстан Республикасы Құрылтайының атынан баяндама жасап, резолюция мазмұнына мемлекеттер арасында су ресурстарын ұтымды пайдалану және суды үнемдеу мәселесін енгізуді ұсынды.
– Су ресурстарын тиімді әрі теңгерімді пайдалану – мемлекеттер үшін ортақ маңызы бар мәселе. Осыған байланысты Қазақстан тарапы резолюцияға су ресурстарын ұтымды пайдалану және үнемдеу мәселесін енгізуді ұсынды. Біздің ұсынысымыз қолдау тауып, тиісті құжатқа енгізілді, – деді депутат.
Азия Парламенттік Ассамблеясы Азия елдерінің Парламенттері арасындағы диалогты дамытуға, заң шығару тәжірибесімен алмасуға және мемлекеттерге ортақ мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік беретін алаң саналады.
Отырыс соңында қатысушылар парламентаралық диалогты одан әрі дамыту және өзара тәжірибе алмасуды жалғастырудың маңызын атап өтті.