Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
441.77 502.38 5.23

Президент Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттары жетекшілерімен кездесті

Бүгін, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапарының алғашқы күні аталған елдің жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесуден басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылармен Германияның қаржысын, тәжірибесі мен тәуекелді басқару тетіктерін Қазақстанның ресурсымен және көлік саласындағы мүмкіндіктерімен ұштастыру мәселесін талқылады.

Президент еліміз Германияның Орталық Азиядағы және Еуразия кеңістігіндегі сенімді серіктесі болуға ұмтылатынын мәлімдеді.

– Халқымыз Германияға айрықша құрметпен қарайтынын, абырой-беделі жоғары мемлекет деп білетінін атап айтқым келеді. Банк секторындағы темірдей тәртіпке, инженерлік шешімдердің жоғары сапасына, шағын және орта бизнестің орнықтылығына (Mittelstand) тәнтіміз. Экономикамызды жаңғырту мен технологиялық тұрғыдан трансформациялау үдерісінде дәл осы ерекшеліктерді үлгі тұтамыз. ГФР – Еуропадағы басты серіктестеріміздің бірі. Еліміздің ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі – Еуропалық Одақпен ықпалдастықта қазақ-герман ынтымақтастығының маңызы зор. Біз үлкен жолды еңсердік. Әйтсе де экономикалық байланысымыздың әлеуеті мұнымен түгесілмейді. Қазақстан оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кездесуге қатысушыларға жақында S&P агенттігі Қазақстанның дербес рейтингін «тұрақты» деген болжаммен BBB деңгейіне көтергенін жеткізді. Fitch агенттігі де осындай баға берді. Мемлекет басшысы соңғы он жылда еліміз өңірдегі ең озық цифрлық және қаржылық экожүйені құрғанына назар аударды.

– Экономикамызды қаржыландыруға даму институттары белсенді атсалысуда. Өткен жылы олар 20 миллиард доллар көлемінде қаражат бөлді. Қазақстан даму банкі ұзақ жылдар бойы неміс қаржы институттарының қолдауымен өнеркәсіп, энергетика, көлік инфрақұрылымы салаларында маңызды жобаларды іске асырып келеді. Бұл мақсатқа Deutsche Bank, Helaba, LBBW, Commerzbank, KfW және басқа да ұйымдардан 1,2 миллиард доллар қаржы тартылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды.

– Мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз. Бұл ретте Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа айрықша маңыз артамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, аса маңызды материалдар саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән берген жөн. Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделі. Сондай-ақ UFK кепілдігін беретін шарттарға сай және Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуге септігін тигізетін жобаларды ілгерілету де – еліміз үшін маңызды.

Бұдан бөлек, энергетика және өнеркәсіп секторын жаңғырту, соның ішінде жаңартылатын қуат көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамыту аса өзекті. Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстан даму банкі Германия капиталының қатысуымен аталған салалардың бәрінде өзара тиімді ынтымақтастық құра алады.

Қазақстан мен Германияның цифрлық инновация және жасанды интеллект саласындағы серіктестігін жолға қою тағы бір басымдық ретінде аталды.

– Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан экономикасына неміс қаржы секторын кеңінен тартатын ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Alatau City қаласы.

– Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін қорыта келе, Қазақстан мен Германия жоғары деңгейдегі саяси диалогқа арқа сүйеп, қаржы, технология және инвестиция салаларында анағұрлым тиімді серіктестікті жолға қоя алатынына назар аударды. Басты мақсат – жай ғана капитал ағынын арттыру емес, жаңа салалар мен өсім бағыттарын бірге қалыптастыру.

Президент Қазақстан тарапы алдағы уақытта да инвесторларға қолайлы әрі ережелері түсінікті ортаны қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғайтынын және стратегиялық маңызды жобаларға қолдау көрсете беретінін растады.

Сонымен қатар іс-шара барысында Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс,  Германия сауда-өнеркәсіп палатасының (DIHK) басқарушы директоры Елена Мельников, Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермарк, German Water Partnership бас директоры Борис Грайфенедер, KfW тобының басқарма мүшесі Мелани Кер, Deutsche Bank AG басқарма мүшесі Александр фон цур Мюлен, Euler Hermes AG басқарма мүшесі Эдна Шёне, AKA Ausfuhrkredit-Gesellschaft mbH басқарушы директоры Марк Венчик сөз сөйледі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив