Миллиард долларлық IT экспорты
Бұл туралы Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, блогер Алмас Алтай Facebook желісіндегі жазбасында атап өтті.
Оның жазуынша, Астанадағы EXPO көрме орталығында өтіп жатқан AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне тоқталған.
Алмас Алтай Президенттің сөзін қорытындылай келе, Қазақстан дайын технологияларды пайдаланатын ғана емес, өз технологиясын жасап, оны экономикаға енгізіп, халықаралық нарыққа шығара алатын мемлекетке айналуы тиіс екенін атап өткен.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласына жауапкершілікпен қараудың маңызын айтып, халықаралық тәжірибені зерделеу қажеттігіне тоқталған.
Жазбада Қазақстанның IT саласындағы жетістіктері де айтылған. Өткен жылы отандық IT қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асқан. Қазіргі таңда қазақстандық цифрлық шешімдер әлемнің 100-ден астам елінде қолданылып отыр.
Ендігі міндеттердің бірі – өнеркәсіпте жасанды интеллект арқылы шешуге болатын нақты мәселелерді анықтау. Осы бағытта Қазақстан мен шетелдік командалардың қатысуымен AI Challenge ұйымдастыру жоспарлануда.
Байқауда үздік деп танылған жобаларды қазақстандық өндіріске енгізу көзделіп отыр. Бұл отандық инженерлер, IT мамандары мен технологиялық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.
Алмас Алтайдың пайымынша, IT және жасанды интеллект экспортының 1 миллиард доллардан асуы – басталған жұмыстың алғашқы нәтижесі. Ал негізгі мақсат – Қазақстанды технология жасап, оны әлемдік нарыққа шығаратын елдердің қатарына қосу.