2025 жылдың соңына дейін Қазақстан сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізуі 100% қамтамасыз етілуге тиіс.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда сумен жабдықтау қызметтері 98,4%-ға және ауылды жерлерде 94,5%-ға қолжетімді. Қалалардағы ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Жамбыл (91,9%), Ақмола (95,3%) және Абай (92,8%) облыстарында тіркелген. Ал ауылдар бойынша мұндай көрсеткіш Қостанай (80,4%), Ақмола (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (85%) байқалды», деді ведомство басшысы
2023 жылдың соңына қарай қала халқы сумен 98,8%-ға және ауылды елді мекен тұрғындары 96,3%-ға қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.
Бұл ретте қазір 6 295 ауылдың 4 900-ына су тартылғанын айта кетейік.
«391 ауылда біздің министрліктің желісі бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтау инфрақұрылымы салынады және 41 ауылдағы (СҚО-35, Ақмола, Қызылорда-3) кентішілік желілерге Экология және табиғи ресурстар министрлігінің топтық су құбырларын орнату жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы тартылады», деді министр.
Сонымен қатар министр кезек күттірмейтін бірқатар ұсынысты да жеткізді. Атап айтқанда:
- орталықтандырылған сумен жабдықтау және су арналарының өндірістік процестерін автоматтандыру құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы сапалы әзірлеуді аяқтау;
- аз қоныстанған ауылдарда іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізуді және блок-модульдер кешенін орнатуды жеделдету;
- сумен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
- сумен жабдықтау желілерін мамандандырылған қызмет көрсету кәсіпорындарына беру;
- 1 текше метр ауыз су үшін халықтың төлем мөлшерін қайта қарау;
- елді мекендердегі сумен жабдықтау мәселесін тұрақты бақылауда ұстау.
Бұған қоса Марат Кәрімжанұлы су тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Су ресурстарын тиімді пайдалану дағдысын қалыптастыру мақсатында бір адамға тәулігіне 140 литрге дейін субсидиялау (суды есепке алу аспабы қарастырылған жағдайда) бойынша нормативтік шектеу белгіленгенін айта кетейік. Суды тұтыну көлемі осы нормадан асып кеткен жағдайда азаматтар бұл қызметтердің ақысын толық тариф бойынша төлеуге тиіс.
Қазір есептеу құрлығысы орнатылған өңірлерде орташа төлем мөлшері 52 теңге және мұндай аппараттар жоқ өңірлерде оның бағасы 1 текше метр үшін 74 теңге болып белгіленді.