Курчатовта әлеуметтік инфрақұрылым жаңартылады
Курчатов тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі Берік Уәли қаланың әлеуметтік саласын дамытуға да басымдық берілетінін атап өтті. Аймақ басшысы білім беру, денсаулық сақтау, спорт және жұмыспен қамту бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Биыл Курчатовтағы №1 және №2 мектептерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қаланың төрт білім беру ұйымына жаңа жиһаздар мен моноблоктар сатып алынды.
Денсаулық сақтау саласында да елеулі жұмыстар атқарылуда. Мәселен Курчатов қалалық ауруханасының үшінші қабатын күрделі жөндеуге 197 млн теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ауруханаға су жаңа санитарлық автокөлік берілді.
Спорт инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта шаһарда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Жобаны аяқтауға келер жылдың бюджетінен 1,2 млрд теңге қарастыру көзделіп отыр.Жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері 397 қала тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Биыл 9 отбасы, яғни 32 адам Курчатовқа қоныс аударған. Олардың қатарында ерікті қоныс аударушылар мен қандастар бар.
Қаланың цифрлық инфрақұрылымы да назарда. Бүгінде қала интернет желілерімен толық қамтылған.
Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері сенбіліктерге 367 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 39 мың аула, 1 200-ден астам саябақ тазартылып, 54 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Өңір басшылығы көтерілген түйткілді мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.


