Абай облысында мал ұрлаған 11 адам сотталды
Абай облысының Бесқарағай аудандық соты мал ұрлығын бірнеше рет жасағаны үшін 11 адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Сот шешімімен оларға алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Тергеу амалдарын Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізді.
Іс бойынша эпизодтардың бірі 2026 жылғы 20 ақпанда болған. Түнгі сағат 02:00 шамасында Өндіріс ауылының маңында полицейлер мал ұрлығына қатысы болуы мүмкін деген күдік тудырған үш автокөлікті тоқтатқан. Кейінгі тергеу барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің мал ұрлығын бірнеше рет жасағанын анықтап, қылмыстық іске қатысты дәлелдер жинаған. Жиналған материалдар сотқа ұсынылды.
Абай облысының Полиция департаменті мал иелерін малдың жайылымдағы қозғалысын бақылауға және жоғалған жағдайда полицияға дер кезінде хабарлауға шақырады. Сондай-ақ жайылымдар мен мал ұсталатын орындардың маңында күдік тудырған көліктер байқалған жағдайда, 102 нөміріне хабарласу қажет.