Cемей5°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
452.12 508.95 5.41

Шар қаласының инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындар игілігіне бағытталған жобалар жүзеге асуда

Бүгін, 16:10

Жарма ауданына қарасты Шар қаласында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағыттарына басымдық берілген.
Қала дамуының негізгі бағыттары 2023 жылы әзірленген әлеуметтік-экономикалық даму жол картасы аясында жүзеге асуда. 2023 жылы Шар қаласында жалпы құны 575,8 миллион теңгені құрайтын жұмыстар орындалды. Оның ішінде Амангелді көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, орталық алаң абаттандырылды. Сонымен қатар шағын футбол алаңы, балалар ойын алаңы мен воркаут аймағы орнатылды. Субұрқақ жөнделіп, қала мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Ал Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің ғимаратын күрделі жөндеуге 393 миллион теңге бағытталды.
Ал 2024 шаһардағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында екі пәтерлі  жалға берілетін 11тұрғын үй сатып алынды. Бұл әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың баспана мәселесін шешуге бағытталған маңызды қадам болды.
Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да жалғасын тапты. «Шар–Кезеңсу» автомобиль жолының 3,7 шақырымдық бөлігі мен Карелин көшесінің 3,3 шақырымдық учаскесіне орташа жөндеу жүргізілді. Қала жолдары да жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, қалаға кіреберіс жолдың аркадан көпірге дейінгі 4,4 шақырымдық бөлігінде 152 көше жарықтандыру тірегі орнатылды.
Білім беру мен денсаулық сақтау салалары да назардан тыс қалған жоқ. Жарма технологиялық колледжінің шеберханасы мен жатақханасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, колледж аумағы қоршалды. Қала мен оған іргелес ауылдардағы бірқатар мектептер жөнделді. Сонымен қатар Тұрсынов атындағы орта мектеп ғимаратында өнер мектебі ашылды. Қалалық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту аясында екі лифт орнатылып, жаңа туған нәрестелерге арналған аудиоскрининг аппараты мен таразы сатып алынды. Әлеуметтік қызметтер орталығының бөлімшесі үшін инватакси алынды.
2025 жылы Шар қаласын дамытуға 1 миллиард 328,5 миллион теңге қарастырылды. Осы кезеңде тұрғын үй құрылысы мен сатып алу бағытындағы жұмыстар жалғасты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған екі пәтерлі 16 жалға берілетін тұрғын үй сатып алынды. Сондай-ақ Теміржолшылар сквері абаттандырылып, Тұрғанбаев көшесінде балалар ойын алаңы орнатылды.
Қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында Тұрғанбаев және Әлібасов көшелерінде шағын футбол мен воркаут алаңдарын орнату жұмыстары аяқталды. Бұған қоса, қала жолдары жөнделіп, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
Білім беру нысандарын жаңғырту аясында Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің аумағына қоршау орнатылып, Көшек негізгі мектебінің терезелері, Карелин атындағы орта мектептің шатыры жөнделді. Б. Тұрсынов атындағы орта мектеп пен мектеп жанындағы интернаттың жылыту жүйесіне де ағымдағы жөндеу жүргізілді.
2025 жылдың маңызды жобаларының бірі – қалалық Мәдениет үйін күрделі жөндеу болды. Бұл мақсатқа 407,2 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар қалада бассейн құрылысы басталды. Өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан нысан құрылысына 200 миллион теңге бағытталды.
Биыл да қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Биыл осы бағыттарға 1 миллиард 606,7 миллион теңге бөлінген. Қаланың орталық көшесінде аллея орнатылып, оған 138,2 миллион теңге жұмсалды. Субұрқаққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, Сарыарқа ауылында шағын футбол және балалар ойын алаңдары салынды.
Жол жөндеу жұмыстары биылғы жоспардың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Сарыарқа ауылындағы 1,2 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар Тәуелсіздік көшесінің 3,36 шақырымдық, Сүлейменов көшесінің 0,92 шақырымдық, Бигөзұлы көшесінің 0,86 шақырымдық және Қ. Әубәкіров көшесінің 0,78 шақырымдық учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарға жалпы 621,7 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, қала жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қоқыс шығару және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою шаралары атқарылуда.
Білім беру саласында да жаңа жұмыстар қолға алынған. Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің аумағында ойын, волейбол және баскетбол алаңдары орнатылды. Қобдықов және Тұрсынов атындағы мектептердің ғимараттарында, сондай-ақ Карелин атындағы орта мектептің шатырында жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Денсаулық сақтау саласында Шар қалалық ауруханасының емханасы мен қабылдау бөлімінің жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар қалада жаңа шағын футбол және балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстары жалғасуда.
Шар қаласын дамытуға бағытталған қаржыландыру көлемінде оң динамика байқалады. Соңғы жылдардағы көрсеткіштер шаһардың инфрақұрылымын жақсартуға және қала аумағын дамытуға бөлінетін қаражаттың артып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2023–2024 жылдары қаланы дамытуға бағытталған қаржы көлемі 2 млрд 197,6 млн теңгені құраса, 2025–2026 жылдары бұл көрсеткіш 2 млрд 935,3 млн теңгеге жеткен. Осылайша, қаржыландыру көлемі 33 пайызға өскен.
Сонымен қатар, биыл да оң өсім тіркеліп отыр. Егер 2025 жылы Шар қаласын дамытуға 1 млрд 328,5 млн теңге бөлінсе, 2026 жылы бұл сома 1 млрд 606,7 млн теңгеге дейін артқан. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 21 пайызға ұлғайды. Бұл көрсеткіштер Шар қаласын дамытуға бағытталған жұмыстардың қарқын алып, қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға басымдық беріліп отырғанын аңғартады.
Жыл сайын Шар қаласы жаңарып, көркейіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде шаһардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымында айтарлықтай оң өзгерістер болды. Жөнделген жолдар, жаңарған мектептер мен әлеуметтік нысандар, абаттандырылған қоғамдық орындар, жаңа спорт алаңдары мен тұрғын үй жобалары – осы өзгерістердің нақты көрінісі. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының күнделікті тұрмысына қолайлы жағдай жасап, Шардың болашақтағы дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.
Бүгінде Шар қаласының даму бағыттары тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік нысандардың жағдайын көтеруге және қолайлы қалалық орта қалыптастыруға негізделген. Жолдарды жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен медицина нысандарын жаңарту, спорттық және қоғамдық кеңістіктерді дамыту – елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды шаралар.
Алдағы уақытта жоспарланған жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асуы Шар қаласының инфрақұрылымын одан әрі жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермек.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив