«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жұмысын бастады
2023 жылдың 23 мамырынан 12 маусымына дейін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ШҚО мен Абай облысының 11 шалғай станциясын аралап өтеді.
Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, кеңес берулер мен тексерулер жүргізеді. Қажет болған жағдайда шағын операциялар жасалып, кейбір нақты бағыттағы мамандары мен емханалары жоқ алыс ауыл тұрғындарына жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама беріледі. Науқастар түскі асқа сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін үзіліспен, сағат 9-дан 18-ге дейін қабылданады.
Пойыз 23 мамырда Жарма (келу уақыты 07.16), 25 мамырда (07.47) – Ертіс зауыты, 27 мамырда (09.11) – Тишинская, 29 мамырда (09.05) – Ермаковка, 29 мамырда (20.50) – Таусамалы, 31 мамыр (22.05) – Алтай, 2 маусымда (21.03) - Күмістау, 5 маусым (03.30) - Шар, 6 маусым (23.32) – Суықбұлақ, 8 маусым (21.55) – Белағаш және 11 маусым (00.11) – Дегелең бекеттерінде болады.
Доңғалақ үстіндегі емхананың медициналық құрамына терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, медбикелер, рентгенолог, сәулелі диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, оптометр, гинеколог және уролог кіреді.