Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
441.58 480 4.86

АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚАЛА МЕН АУДАН ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

11-05-2023, 10:30 018.kz

Интернет ғасырында - дәстүрлі БАҚ емес, әлеуметтік медиа бүгінде негізгі ақпарат көздеріне айналғаны анық.

Өңірлердің және Республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен өткен кеңейтілген отырыстың бірінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді тапсырды. Президент қарапайым адамдардың әлеуметтік әл-ауқатын білу және оған уақтылы жауап беру өте маңызды екенін атап өтті.

«Әкімдер халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды: мессенджерлерде топтар құру, жүргізіліп жатқан саясатты қол жетімді түсіндіру, жағдайды модерациялау және басқару», - деп Президент әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге баса назар аударды. 

Бұл әрбір шенеунік әлеуметтік желілерде белсенді болуы керек дегенді білдіреді. Президенттің тапсырмасын назарға ала отырып, Абай облысындағы қала мен аудан әкімдерінің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің рейтингі шығарылды. Аталмыш рейтингті «Abay Media Group» ЖШС қарасты ақпараттық-аналитика бөлімінің мамандары дайындады. Рейтинг аудан әкімі мен әкімдіктердің әлеуметтік желідегі белсенділіктері бойынша арнайы әзірленген критерийлер формуласы бойынша есептелді.

ҚАЛАЛАР МЕН АУДАНДАР ӘКІМДЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ БЕЛСЕНДІЛІГІ БОЙЫНША РЕЙТИНГІ (СӘУІР АЙЫ БОЙЫНША)

Әкімдер арасында көшбасшылар мен аутсайдерлер анықталды.

Бірінші үштік рейтинг көшбасшылары:

1) Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов

2) Нұржан Оразбекұлы Әбдікәрімов

3) Жарқынбек Борашұлы Байсабыров

Орташа рейтинг:

4) Талғат Батырұлы Мұратов

5) Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов

6) Олег Васильевич Чугунков

7) Ділдәбек Тәжібайұлы Оразбаев

Аутсайдерлер:

8) Ахметқали Ахашұлы Нұрғожин

9) Сейілбек Абиұрұлы Ысқақов

10) Смаилов Асхат Сайдахметұлы

1. Нұрбол Нұрсағатов – Семей қаласының әкімі. 

Әлеуметтік желілердегі белсенділік бойынша Семей қаласының әкімі Нұрбол Төлегенұлы Нұрсағатов 2496,1 баллмен 2023 жылдың сәуір айының рейтингінде көш бастады. Ол сәуір болмай тәуір болмас десе керек, айдың басын сенбілік жұмыстарынан бастады. Тазалық акциясына алғашқы күні 10 мыңға жуық қала тұрғыны қатысып, 200 тоннадан аса қоқыс полигонға шығарылды. Бұл жұмыстар айдың соңына дейін тұрақты негізде жалғасты. Сондай-ақ, заңсыз орнатылған дүңгіршектер мен гараждарға белсенді түрде мониторинг жүргізіліп, көшелерге қауіпсіздік мақсатында «Қорғау» жол белгісі орнатылды. Қала әкімі тұрғындарды әр апта сайын қабылдауды сәуір айында да жалғастырды. Аспалы көпірдің шұңқырларын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қала әкімі Цементшілер кентінің тұрғындарымен кездесті. «Жарқын болашақ» түзету қызметтерін көрсету орталығының жұмысымен танысты. Семейде жол жиектері мен қоршауларды әктеу жұмыстары жүргізілді. Холодный ключ кентінде 50-ден аса қоқыс полигоны жойылды. Нұрбол Нұрсағатов ағымдағы жылы пайдалануға берілетін қоғамдық кеңістіктерді қолданысқа беру бойынша көшпелі кеңес өткізді. Семей өңірі бойынша 2023 жылға арналған егіс алқаптарының алдын ала құрылымы анықталды. Ағымдағы жылы жалпы егіс алаңы 17 350 га құрайды, оған 51 шаруашылық субъектісі қатысады. Бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Семей қаласы бойынша көше атаулары жазылған 2860 тақтайша жаңаланды. Қалалық әкімдік маусым айының соңына дейін 5600 дана көше тақтайшаларын жаңалауды жоспарлауда. Сондай-ақ, қала әкімі заңсыз қоқыс төккендер мен төгетіндерді қатаң бақылауында ұстауда.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Семей қаласының әкіміне ұсыныс: Facebook парақшасын белсенді жүргізу ұсынылады.

2. Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы – Абай ауданының әкімі.

Абай ауданының әкімі Әбдікәрімов Нұржан Оразбекұлы 2111,1 баллмен ағымдағы жылдың сәуір айының рейтингінде үздік үштіктің қатарына кірді. Аудан әкімі сәуір айын актив отырысын өткізуден бастады. Отырыста Абай аудандық сотының жаңа судьясы таныстырылды. Дәстүрлі түрде аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдап, сұрақтардың оң шешілуіне ықпалын тигізді. Аудан бойынша экологиялық акция ұйымдастырып, әр апта сайын сенбіліктер өткізді. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбаймен бірге Жидебайдағы «Абай – Шәкәрім» кесенесінің ғимаратына мердігер ұйымның келісім-шарт талаптарына сәйкес кепілдеме мерзім уақытындағы жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстарына бақылау жүргізді. Қарауыл ауылындағы Абай саябағын аралап, жаңадан салынып басталып жатқан қос пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын қадағалады. «Әкелер даңқы жолымен» атты облыстық әскери-патриоттық акциясын ұйымдастырды. Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбілқасымов Ержан Әнуарбекұлымен және орынбасары Дулат Советханұлымен кездесіп, аудандағы спорт саласының дамуы жайында пікір алмасып, алдағы уақытта ауданында атқарылатын спорттық шаралар талқылады. Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатында дарынды оқушыларды дәріптеу, көпке үлгі ету мақсатында өткізілген еркін форматтағы сұхбаттасу алаңына қатысып, сөз сөйледі. Қарауыл ауылында «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері», «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы», «Абай ауданының Құрметті азаматы» Манарбек Таутановты еске алуға арналған дзюдо күресінен облыстық ашық турнирды ұйымдастырды. Орталық кітапханада «Дін және мемлекет» тақырыбында өткізілген аудандық семинар мен VIII шақырылған Абай аудандық мәслихатының кезекті екінші сессиясына  және «Шыңғыстау жұлдыздары – 2023» ән-би және көркемсөз оқу фестиваліне қатысты.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Абай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

3. Байсабыров Жарқынбек Борашұлы – Жарма ауданының әкімі.

Жарма ауданының әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлы 1832,4 баллмен ағымдағы жылдың сәуір айының рейтингінде үздік үштікті түйіндеп тұр. Айдың басын аудан орталығы Қалбатау ауылының санитарлық тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына дайындық барысын пысықтаумен бастады. Әр апта сайын азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың мәселелерінің оң шешілуіне ықпалын тигізді. Жарма ауданының тумасы, әйгілі мерген Төлеуғали Әбдібековке ескерткіш орнату жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының отырысына қатысты. Қалбатау ауылындағы, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен орталық саябақтың абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді. Кезекті әкімдік отырысын өткізіп, бірқатар маңызды мәселелердің орындалу барысын қарастырды. Күн тәртібінде ауданның тұрғын үй, әлеуметтік маңызы бар обьектілерінің 2023-2024 жылдың жылу беру маусымына дайындық барысы туралы, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқықтық бұзушылықтың, қараусыздықтың және панасыздықтың алдын алу туралы, жергілікті полиция қызметінің 2022 жылы және 2023 жылдың 1 тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы, «Қуатты өңірлер- ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының орындалуы туралы ақпараттар тыңдалды. Жоспарланған құрылыс және жөндеу  жүргізілетін жобалар бойынша жауапты мекеме басшылары мен тиісті мамандардың қатысуымен құрылыс, жол жөндеу, абаттандыру жұмыстарын жүргізетін мердігерлермен жиын өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, «Әкелер даңқы жолымен» атты облыстық әскери-патриоттық акциясын ұйымдастырды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Жарма ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

4. Мұратов Талғат Батырұлы – Бесқарағай ауданының әкімі.

Бесқарағай ауданының әкімі Мұратов Талғат Батырұлы 1562,0 баллмен рейтингте төртінші орынға жайғасты. Сәуір айының басында арнайы құрылған жұмыс тобымен бірге, Бесқарағай ауылдық округіндегі саябақтардың, су басу қауіпі болған аймақтардың қазіргі жағдайымен танысты. Бесқарағай ауылдық округі аумағында жүргіншілер өткелдері мен жаяу жүргіншілерге арналған белгілердің орнатылу барысын бақылады. Тұрақты негізде әр апта сайын аудан тұрғындарын қабылдап, олардың мәселесінің шешілуіне ат салысты. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі жанынан құрылған арнайы топпен бірге аудан аумағындағы жанармай бекеттеріне барды. Оларды аралау барысында жарнармай бағасының тұрақты екендігіне және жанармай тапшылығы мәселесінің жоқтығына көз жеткізіп, бағаны тұрақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақты негізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырыды. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік маңызы бар нысандардың жай-күйін көру мақсатында Қарабас, Өндіріс ауылдарына жұмыс сапарымен барды. Сонымен қатар Қарабас ауылында мемлекеттік бағдарлама аясында іске қосылған тігін цехының жұмысын бақылап, ауылдағы автомобиль жолдарының жай күйін тексерді. Баскөл ауылдық округіне сапары аясында ауылды аралап, тыныс-тіршілігімен танысып, білім ордасының қазандық жұмысын бақылап, келесі жылыту маусымына дайындық барысын мен «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында жасалынып, халық игілігіне ұсынылған жарық бағаналарын тексеріп, ауыл тұрғындарының ой-пікірін тыңдады. Бесқарағай ауданының төтенше жағдайлар бөліміне барып, жұмыс барысымен және жазғы мезгілде өрттің алдын алу мақсатындағы жұмыс жоспарымен танысты. Халықтың тарапынан көтерілген Сейфуллин көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың дәл жолдың ортасына орнатылғандығы және аталған тротуардың ыңғайсыздық тудыратыны жайлы мәселе ескеріліп, шешімін тапты. «World Skills Abay - 2023» бірінші өңірлік кәсіби шеберлік чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен студенттерді салтанатты түрде құттықтады. Сәуір айын облыстық гір тасын көтеру спортынан жасөспірімдер арасындағы турнирді өткізумен қорытындылады.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бесқарағай ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

5. Нұржан Тлеужанұлы Тоқсеитов – Үржар ауданының әкімі.

Үржар ауданының әкімі Тоқсеитов Нұржан Тлеужанұлы 1302,0 баллмен рейтингтің ортасына тұрақтады. Аудан басшысы сәуір айын Қаратұма ауылдық округінің жәрмеңкесінне барудан бастады. Ол ауылдық округ әкімдеріне бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақты негізді ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізуде тапсырған болатын. Аталған жәрмеңке өзге де ауылдарда жалғасын тапты. Науалы ауылындағы бұрынғы балалар үйі ғимаратын зейнеткерлерге арналған сауықтыру-демалыс шипажайы ретінде қолданысқа беру бағыттары талқыланды. Салалық бөлім басшылары мен шаруа қожалық иелерін белсенді қабылдап, ауданды одан әрі дамыту мәселелерін пысықтады. «Шаңырақ» шаруа қожалығына бардым. Шаруашылықтың көктемгі егістік жұмыстарына дайындық барысымен және жаңадан алынған техникаларымен танысты. Аппараттық жиын өткізіп, көктемгі тазалық жұмыстары аясында ағаштар отырғызу, Алакөл жағалауының жазғы демалыс маусымға дайындығы және аббаттандыру мәселелері талқыланып, жауапты мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Ақжар ауылындағы тұрғын үйлердің жанынан қосымша суағарлар орнату мәселесі шешімін тапты. Мақаншы ауылында су құбырларын жүргізу жұмыстары барысымен танысып, халықпен кездесу өткізді. Бірақ, аудан әкімі желіде отыратын халықты ұмытып кеткен сыңайлы. Сәуір айындағы оқырмандардың ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалған. Алдағы айларда назарына алады деп сенеміз.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Үржар ауданы әкіміне ұсыныс: желі оқырмандарының жазған пікірлеріне кері байланыс орнату ұсынылады.

6. Чугунков Олег Васильевич – Курчатов қаласының әкімі.

Курчатов қаласының әкімі Чугунков Олег Васильевич 918,5 баллмен рейтингте алтыншы орынға жайғасты. Қала әкімі сәуір айында белсенділік танытты. Ол азаматтарды тұрақты негізде қабылдап, олардың ұсыныс тілектерін тыңдады. Көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал жасап, қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес түсініктемелер берілді. Олимпийская көшесі 28 үйдің ауласында балалар ойын алаңын орнату мәселесі шешімін тапты. Дәл осы жылы үш балалар ойын алаңын орнатуға бюджеттен қаражат бөлінді, олардың бірі дәл осы аулада орнатылатын болды. Сондай-ақ, бірқатар нысандарды аралап, ондағы мәселелермен танысты. Экологиялық акция жарияланып, әр апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бірқатар қалалық деңгейдегі шараларға қатысты. Егер қала әкімі осы белсенділігінен таймаса, үздік үштіктің қатарына енуі әбден мүмкін.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Курчатов қаласы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

7. Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы – Көкпекті ауданының әкімі.

Көкпекті ауданының әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы 894,4 баллмен рейтингте жетінші орында тұр. Аудан әкімі сәуір айын Ұлы Дала Елі алаңында ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізуден бастады. Мамай ауылының Амангелді атындағы орта мектебі жанынан 25 балаға арналған толық күнді балабақша ашылды. Ауданда саңырауқұлақ өсірумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, оларға қолдау көрсететінін жеткізді. Кеңейтілген аппарат отырысын өткізіп күн тәртібінде Ауылдық округтер кесіндісінде көктемгі егін науқанына дайындығы (егістік көлемі, элиталық тұқымдар) туралы, ауылдық округтер кесіндісінде тұрғындардың жаңа су құбырына қосылу мәселесі туралы, 2023 жылы жоспарланған «Туған өлкем Көкпектім» (көшеттер отырғызу, бұлақ көзін ашу және т.б.) акциясының жоспары туралы, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның іске асырылуы туралы, Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек барысы қаралды. Семей қаласында Көкпекті ауданынан оқып жатқан студенттермен кездесу өткізіп, Әлихан Бөкейхан университетінде бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушымен гемодиализ орталығын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. М-38 халықаралық автомобиль жолының Тассай-Боғас учаскесіне жөңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігермен кездесті. Мәметек учаскесінде жайып суғару әдісі бойынша шабындық жерлерді суғару жұмыстарымен танысты. Биылғы жылы Биғаш ауылында таза ауыз су тартылатын болады. Осы орайда барлық ауыл тұрғындарын ауыз суды үйлеріне кіргізіп, жергіліктік қауымдастықпен бірлесіп, жүргізілетін жұмыстардың сапасына бақылау жүргізуді жүктеді.Ағымдағы жылы Көкпекті мен Биғаш ауылдары арасындағы автомобиль жолына ағымдағы жөңдеу жұмыстары жүргізілетін болады. «Көкпекті Толағайы» балабақшасында жаңа «Лего-конструкция» кабинеті ашылды. Егінбұлақ ауылындағы ауылдық клуб ғимараты жөнделеді. Көкпекті ауданында жайып суару әдісі кеңінен қолданылуда. Аудан әкімі осы белсенді қалпынан таймаса келесі айларды үздіктердің қатарынан көрінуі мүмкін.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Көкпекті ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады. 

8. Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы – Бородулиха ауданының әкімі.

Бородулиха ауданының әкімі Нұрғожин Ахметқали Ахашұлы 790,7 баллмен сегізінші орынға жайғасты. Аудан әкімі сәуір айының басында өзінің орынбасарын тағайындаған соң, өз парақшасын жүргізуді ұмытып кеткен сыңайлы. Ауданда сәуір айында сенбілік жұмыстары жүргізіліп, абаттандыруға ден қойылды. Келесі айларда белсенділікті арттырады деп сенеміз.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Бородулиха ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

9. Ысқақов Сеилбек Абұирұлы – Аягөз ауданының әкімі.

Аягөз ауданының әкімі Ысқақов Сейілбек Абұирұлы 646,6 баллмен тоғызыншы орынға тұрақтады. Аудан әкімі сәуір айын Мамырсу ауылындағы үйі отқа оранған көпбалалы отбасымен кездесуден бастады. Артынша «Мясокомбинат» аталып кеткен мөлтек аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Тұрғындар қаладағы үлкен мәселелердің бір тазалық мәселесін, сонымен қатар жол, балалар ойын алаңы, автобус мәселелерін көтеріп және мөлтек ауданның кейбір аймақтарында интернет дұрыс істемейтінін айтты. Бұл мәселелер күн тәртібіне қойылып, тиісті мекеме басшыларына тапсырма берілді. Тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақ-сауалдарға түсініктеме беріліп, жауаптар қайтарылды. Жаңадан салынып жатқан 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын қадағалады. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» ғашықтар күніне орай облыстық байқауды ұйымдастырды. Баршатас ауылдық округінде болып, ауылдық округте жүріп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Бозай елді мекенінде болып, тұрғын үйлерге ауыз су құбырларын енгізу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, әкімдіктің мәжіліс залында тұрақты негізде аппарат жиналыстарын өткізіп, жауапты сала өкілдеріне бірқатар міндеттер жүктеді.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Аягөз ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі белсенділікті одан әрі арттыру ұсынылады.

10. Смаилов Асхат Сайдахметұлы – Ақсуат ауданының әкімі.

Ақсуат ауданының әкімі Смаилов Асхат Сайдахметұлы 549,9 баллмен көш соңына жайғасты. Өкінішке орай, аудан басшысының ресми жеке парақшасы сәуір айында қараусыз қалған. Әйтсе де әкімдіктің парақшасында бірқатар жазба жарияланғанын байқауға болады. Аудан әкімі сәуір айының басында тұрғындарға қабылдау өткізіп, оған жиыны сегіз адам қатысады. Олар тұрақты жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу мәселесін қозғады. Шешу жолдары мен бағыттары заң аясында түсіндіріліп, кейбір мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына сол жерде тапсырмалар берілді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көкжыра-Серіктес арасындағы 0-6 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Ақсуат ауылындағы бұрынғы ескі аурухананың инфекция және терапия бөлімі болған ғимаратында тұрып жатқан әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшелерімен, асыраушысы жоқ жалғызбасты адамдармен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады. Ақсуат-Танамырза ауылы арасындағы 12 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Асхат Смаилов ауданның ішкі жолдарын жөндеуге ден қойып отыр. Ол сәуір айында бірқатар жолдардың құрылыс жұмыстарын бақылады. Екпін ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікпен 150 орындық клуб үйінің құрылысы басталды.

*Әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша Ақсуат ауданы әкіміне ұсыныс: желідегі ресми парақшаларын белсенді жүргізу ұсынылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив