Жаңа Конституциядағы құқықтық кепілдіктер
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституциясының 15-бабы адам құқықтары мен бостандықтарына арналған. Бұл баптың негізгі өзегі – адам құқықтарының тумысынан берілетіні, олардың мемлекет тарапынан қорғалуы және әрбір азаматтың өз құқығын жүзеге асыру кезінде өзгелердің де құқығын құрметтеуі.
Адам құқығы мен бостандығы – әділетті қоғамның, өркениетті мемлекеттің және құқықтық тәртіптің басты негізі. Әрбір адамның өмір сүруге, еркін ойлауға, өз көзқарасын білдіруге және заң аясында қорғалуға құқығы бар. Бұл қағидаттар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да айқын көрініс тапқан.
Атап айтқанда, Ата Заңның 15-бабы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, олардың ажырамас сипатын айқындауға және мемлекет алдындағы құқықтық кепілдіктерін белгілеуге бағытталған.
Конституцияның 15-бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары Конституцияға сәйкес танылатыны және оларға кепілдік берілетіні жазылған. Яғни, адам құқығы – жай ғана заңдық ұғым емес, мемлекет қорғауға міндетті негізгі құндылық.
Екінші тармаққа сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі. Оларды ешкімнен ажыратуға немесе айыруға болмайды. Бұл – адамның қадір-қасиеті мен табиғи құқықтарының мемлекеттен де, қоғамнан да жоғары тұратын іргелі қағидат екенін білдіреді.
Ал үшінші тармақта Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына байланысты құқықтары мен міндеттері айқындалған. Төртінші тармақ Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың да Қазақстан азаматтарына белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланып, тиісті міндеттерді атқаратынын бекітеді.
Баптың бесінші тармағы ерекше назар аударуға тұрарлық. Онда әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс екені көрсетілген. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығына, қоғамның адамгершілік болмысына және конституциялық құрылыс негіздеріне зиян келтіруге жол берілмейді.
Бұл қағидаттың мәні терең. Өйткені еркіндік дегеніміз – ойыңа келгенді жасау емес, өз құқығыңды пайдалана отырып, өзгенің де құқығына құрметпен қарау. Құқық пен жауапкершілік қатар жүргенде ғана қоғамда өзара сыйластық пен әділеттілік орнығады.
Алтыншы тармақ әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекеті салдарынан келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар екенін бекітеді. Бұл норма азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Жалпы, жаңа Конституцияның 15-бабы әр адамның құқығы мен бостандығын қорғауды, азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық жауапкершілікті айқындауды көздейді.