Абай облысында биыл 233 құрылыс нысаны пайдалануға берілді
Абай облысында құрылыс сапасын бақылау және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл өңірде жалпы құны 389,2 млрд теңгені құрайтын 233 нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Абай облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, 2025–2026 жылдары облыста 274 жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Оның ішінде жалпы құны 310 млрд теңгені құрайтын 195 жоба сараптаманың оң қорытындысын алған.
2022 жылдан бері құрылыс сапасын бақылау мақсатында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша жалпы сомасы 249,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде биыл 36 тексеру жүргізіліп, 67,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Бұдан бөлек, прокуратура органдарымен бірлескен тексерулер барысында лицензия иеленушілердің 135-інің 111-інде заңбұзушылықтар анықталған. Нәтижесінде 64 лицензиат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 14 млн теңге айыппұл салынды.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы мониторинг аясында 255 құрылыс нысаны қамтылды. Тексеру нәтижесінде 302 заңбұзушылық анықталып, оның 56-сы жойылған.
Баспасөз мәслихатында Семей қаласындағы үлескерлер мәселесі де талқыланды.
2025 жылы сот шешімдері бар, 2023–2024 жылдары салынған 17 көпқабатты тұрғын үй анықталған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 нысан пайдалануға беріліп, тағы бес нысан бойынша құжаттамаға қатысты мәселелер реттелген.
Басқарма басшысы өңірде құрылыс сапасын бақылау және анықталған заңбұзушылықтарды жою бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.