Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
453.87 508.33 5.65

Семейдегі ат жарыстарының ұмыт қалған тарихы

30-10-2026, 17:26

Семей қаласында ат спортының тарихы тереңнен бастау алады. Қаладағы ат жарыстары туралы алғашқы жазбаша деректер XVII ғасырдың соңына тиесілі. Бұл жөнінде В. Кашляктың «Семипалатинские арабески» атты кітабында баяндалады. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, сол кезеңде Бейбітшілік аралында сырттан келген саудагерлерге арналған Меновая слободка орналасқан. Сол саудагерлердің бірі өз қаражаты есебінен ат жарысын, яғни бәйге ұйымдастырған. Ал XIX ғасыр бойы мұндай жарыстар қалаға келген саяхатшылар мен қонақтардың естеліктерінде жиі кездесіп отырған.

Уақыт өте келе Семейде дәстүрлі ат жарыстарымен қатар, еуропалық үлгідегі ат спорты да қалыптаса бастады. Оның дамуына жергілікті көпес Прокопий Плещеевтің бастамасы ерекше ықпал етті. Ол қалада жүйелі түрде ат жарыстарын өткізу үшін ипподром салуға қажетті жер телімін бөлу мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген.

1895 жылдың ақпан айында П. Плещеев қалалық басқармаға арнайы өтініш жолдап, 343-орам аумағынан ат жарыстарына арналған ипподром салу үшін жер сұраған. Сол жылдың наурыз айында бұл бастама қолдау тауып, көпеске көлемі 30 мың шаршы метр болатын жер телімі 10 жыл мерзімге жалға берілген.

Алайда П. Плещеев ипподром салумен ғана шектелмей, қалада ат спортының дамуына қажетті қоғамдық ортаны қалыптастыруға да күш салды. Ол өзімен пікірлес азаматтарды жинап, «Семей ат жарысын ұнатушылар қоғамын» құрды. Бұл ұйым қала тұрғындарының ат спортына деген қызығушылығын арттырып, жарыстарды ұйымдастыру ісін жүйелеуге бағытталды.

Көпестің келесі бастамасы қала орталығында салт атпен жүруге және ат үстіндегі жаттығуларға арналған манеж тұрғызу болды. 1900 жылы ол қалалық билікке өтініш білдіріп, өз үйінің жанынан, бұрынғы зооветеринарлық институттың өртеніп кеткен ғимаратына жақын аумақтан жер телімін сұраған. Өтініш қаралып, П. Плещеевке көлемі 10 шаршы метр болатын жер уақытша пайдалануға берілген.

1901 жылы көпес ипподром аумағында күрделі құрылыстар жүргізіп, арнайы жарыс жолдарын салуды жоспарлаған. Жобаның жалпы құны 2500 рубльді құраған. Бұл бастама Семейде ат спортының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі еді.

Алайда билік ауысқаннан кейін ипподром «өткен заманның сарқыншағы» ретінде жабылып қалған. Осылайша, қаладағы ат жарыстарының дамуына белгілі бір кезеңде үзіліс түсті. Тек 1951 жылы ғана Семейде ипподром салу мәселесі қайтадан көтеріле бастады.

Осы тарихи деректер Семей қаласында ат спортының қалыптасу тарихы бір ғасырдан астам уақытты қамтитынын көрсетеді. Бастапқыда саудагерлердің демеушілігімен ұйымдастырылған дәстүрлі бәйгелер кейін арнайы ипподром салу, ат спорты қоғамын құру және еуропалық үлгідегі жарыстарды дамыту бастамаларына ұласқан.

Сөйтіп, Семейдегі ат спортының тарихы – қала мәдениеті мен қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналған тарихи кезеңдердің бірі. Ал оның бастауында ат бәйгесін ұйымдастыруға күш салған көпестер мен жергілікті азаматтардың еңбегі тұрғаны тарихи жазбалардан аңғарылады.

Авторы: Руслан Шакабаев

 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив