Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
453.87 508.33 5.65

Егемендік пен ел тұтастығы – мемлекеттіліктің мызғымас негізі

Кеше, 10:09

Тәуелсіздік – ұлттың ең қымбат қазынасы, мемлекеттіліктің берік негізі. Ал сол тәуелсіздікті сақтау, елдің шекарасын қорғау, жерінің тұтастығын қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Өйткені мемлекеттің қуаты тек экономикалық дамуымен немесе халықаралық аренадағы беделімен ғана емес, ең алдымен, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығының мызғымастығымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы екінші баптың орны айрықша.

Ата Заңның «Конституциялық құрылыс негіздері» атты бірінші бөлімінде орналасқан бұл бап еліміздің мемлекеттік құрылымын, басқару үлгісін, егемендігін, аумақтық тұтастығын, елордасының мәртебесін және ұлттық валютасын айқындайды. Яғни Қазақстанның қандай мемлекет екені, оның басқару жүйесі қалай құрылғаны және мемлекеттіліктің қандай негізгі қағидаттарға сүйенетіні осы бапта нақты көрініс тапқан.

Екінші баптың бірінші тармағында Қазақстан Республикасының унитарлы мемлекет екені және басқару үлгісі президенттік республика екені белгіленген. Бұл норма еліміздің мемлекеттік құрылымының негізін айқындайды. Унитарлы мемлекет дегеніміз – ортақ Конституциясы, бірыңғай заңнамалық жүйесі, біртұтас мемлекеттік билік органдары мен ортақ азаматтығы бар мемлекет. Мұндай құрылым ел ішіндегі саяси және құқықтық бірлікті сақтауға мүмкіндік береді. Ал президенттік республика үлгісі мемлекеттік басқару жүйесінің ерекшелігін білдіреді. Бұл ретте Президент мемлекет басшысы ретінде елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындап, мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болады.

Баптың екінші тармағында Қазақстанның егемендігі бүкіл аумағын қамтитыны, мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ететіні жазылған. Бұл – ел тәуелсіздігінің құқықтық кепілдіктерінің бірі. Егемендік дегеніміз – мемлекеттің өз аумағында билігін дербес жүзеге асыруы, ішкі және сыртқы саясатын өз бетінше айқындауы. Ал аумақтық тұтастық – мемлекеттің жері бөлінбейтінін, оның шекарасына қол сұғуға жол берілмейтінін білдіреді.

Қазақстан үшін бұл қағидаттың тарихи әрі стратегиялық маңызы зор. Ұлан-ғайыр даланы мекен еткен халқымыз үшін туған жердің әрбір сүйемі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аманат. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыдан бекіту, ұлттық қауіпсіздікті нығайту және аумақтық тұтастықты сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сондықтан бұл норма мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған берік құқықтық негіз болып табылады.

Сонымен қатар екінші бапта Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңмен айқындалатыны көрсетілген. Мемлекеттің аумағын тиімді басқару үшін оның ішкі әкімшілік құрылымы нақты құқықтық тәртіпке негізделуі қажет. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, аудандар мен өзге де әкімшілік бірліктердің құрылуы, олардың мәртебесі және басқару тәртібі осы бағыттағы заңнамалық нормалар арқылы реттеледі. Бұл ел аумағында мемлекеттік басқарудың жүйелі ұйымдастырылуына, өңірлер арасындағы өзара байланыстың нығаюына және жергілікті деңгейдегі жұмыстардың үйлесімді жүргізілуіне мүмкіндік береді.

Екінші бапта Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласы екені де нақты бекітілген. Елорда – тәуелсіз Қазақстанның саяси, әкімшілік және стратегиялық орталығы. Ол еліміздің мемлекеттілік келбетін танытып, жаңаруын, даму қарқынын және халықаралық деңгейдегі орнын айшықтайды. Бүгінде Астана мемлекеттік басқару органдары шоғырланған орталық қана емес, сонымен бірге ірі экономикалық, мәдени, ғылыми және іскерлік кеңістікке айналып отыр. Сондықтан оның мәртебесінің Конституцияда бекітілуі елдің саяси жүйесіндегі ерекше орнын айқындайды. Ал елорданың арнайы құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен реттеледі.

Баптың келесі тармағында Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мәні бірдей екені көрсетілген. Бұл норма мемлекет атауының құқықтық тұрғыдан біртұтас қолданылуын қамтамасыз етеді. Яғни ресми құжаттарда Қазақстан Республикасы деп көрсетілсе, күнделікті қоғамдық, ақпараттық және халықаралық қолданыста Қазақстан атауы да сол мемлекетті білдіреді. Қысқа ғана тұжырым болғанымен, оның мемлекеттік бірегейлікті қалыптастырудағы және ел атауының құқықтық қолданысын нақтылаудағы маңызы зор.

Ұлттық валютаға қатысты норма да екінші баптың маңызды бөлігін құрайды. Конституцияда Қазақстан Республикасының ақша бірлігі теңге екені және теңгені эмиссиялау айрықша құқығы мемлекетке тиесілі екені бекітілген. Ұлттық валюта – кез келген тәуелсіз мемлекеттің экономикалық дербестігінің маңызды белгілерінің бірі. Ол ел ішіндегі қаржы айналымын қамтамасыз етіп, экономикалық саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 1993 жылғы 15 қарашада теңгенің айналымға енгізілуі Қазақстанның тәуелсіз экономикалық жүйесін қалыптастырудағы тарихи қадамдардың бірі болды. Ұлттық валютаның болуы елдің қаржылық дербестігін нығайтып, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналды.

Екінші баптың ең маңызды тұстарының бірі – оның соңғы тармағында көрініс тапқан. Онда Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейтіні нақты жазылған. Бұл – мемлекеттіліктің негізгі тіректерін конституциялық деңгейде бекітетін қағида. Оның мәні – елдің тәуелсіздігіне, біртұтас құрылымына, шекарасына және басқару үлгісіне қатысты іргелі ұстанымдардың мызғымастығын қамтамасыз ету. Аталған норманың талаптарына сәйкес келетін өзгерістерге қатысты Конституцияның 93-бабында арнайы құқықтық тәртіп көзделген. Осы арқылы мемлекеттіліктің басты құндылықтары ерекше конституциялық қорғауға алынған.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы екінші бап – мемлекеттің іргетасын айқындайтын маңызды құқықтық нормалардың жиынтығы. Онда елдің мемлекеттік құрылымы мен басқару жүйесінен бастап, егемендігі, аумақтық тұтастығы, елордасының мәртебесі және ұлттық валютасына дейінгі негізгі мәселелер қамтылған. Бұл нормалардың барлығы бір мақсатқа – тәуелсіз мемлекеттің тұрақтылығын сақтау, ұлттық бірлікті нығайту және елдің болашақ дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Өйткені тәуелсіздік – бір күннің жетістігі емес, талай ұрпақтың арманы мен күресінің жемісі. Оны сақтау үшін берік заң, орнықты мемлекеттік жүйе және ел тағдырына бейжай қарамайтын жауапты қоғам қажет. Ата Заңда айқындалған әрбір қағидаттың астарында мемлекеттің бүгіні мен болашағына деген жауапкершілік жатыр. Елдің тұтастығы – тұрақтылықтың кепілі, егемендігі – еркіндігінің белгісі. Ал осы құндылықтарды заң жүзінде бекіту – келешек ұрпаққа тәуелсіз әрі тұғырлы мемлекет қалдырудың маңызды шарты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив