«Шежірелі аңыз тұлға»: өнерге арналған ғұмырға құрмет
Молдабек Жанболатұлының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара «Шежірелі аңыз тұлға» атты мерекелік кешпен жалғасты. Кеш барысында мерейтой иесінің ауданның рухани-мәдени дамуына қосқан үлесі дәріптеліп, өнер жолындағы еңбегіне құрмет көрсетілді.
Өнердің өрісін кеңейтіп, мәдениеттің дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегі уақыт өткен сайын айқындала түседі. Олар қалыптастырған өнер ұжымдары мен қалдырған рухани мұрасы кейінгі буынға өнеге болып, мәдени өмірдің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Осындай азаматтардың бірі – биыл 90 жасқа толған Молдабек Жанболатұлы.
Мерейтой аясындағы «Шежірелі аңыз тұлға» атты кеште аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы мерейтой иесінің ауданның рухани-мәдени дамуына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, оған сый-құрмет көрсетті.
Молдабек Жанболатұлының есімі ауданның мәдени өмірімен тығыз байланысты. Ол өзі еңбек еткен «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі ретінде өнер ұжымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Ансамбльдің шығармашылық жолында атқарған еңбегі оның өнерге деген адалдығы мен мәдениетке қосқан үлесінің айғағы.
Кеш барысында мерейтой иесі бүгінгі «Қаламқас» ансамблінің өнеріне жоғары бағасын беріп, өткен күндерден естеліктер айтты. Өнер ұжымының алғашқы қалыптасу кезеңдері мен бірге атқарған жұмыстарын еске алып, талай тағылымды сәттің сырын бөлісті.
«Шежірелі аңыз тұлға» кеші – бір адамның мерейтойын атап өтумен ғана шектелмей, аудан мәдениетінің қалыптасуына үлес қосқан азаматтың еңбегін ұлықтаған тағылымды шара болды. Өнерге арналған ғұмырдың өнегесі кейінгі буынға үлгі болып, рухани мұраның жалғаса беруіне жол ашады.



