Сарапшылар Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асырудың экономикалық қырларын талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ (ҚТК) және «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ-мен бірлесіп, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған сараптамалық талқылау өткізді.
Президенттің 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы құрылыс кешенін дамыту, инвестициялар тарту және отандық өндірісті ұлғайту бойынша жаңа бағдарларды айқындайды. Іс-шара бастаманы жүзеге асырудың экономикалық, инвестициялық және салалық қырларын жан-жақты қарастырудың тиімді алаңына айналды. ҚСЗИ, ҚТК және «QazIndustry» өкілдері сараптамалық талдау, тұрғын үй саласын қаржыландыру тетіктері мен өнеркәсіпті дамыту мүмкіндіктерін ұштастыра отырып, Қазақстандағы жаңа құрылыс кезеңінің перспективалары жөніндегі ортақ пайымдарын «Қазақстандағы кең көлемді халықтық құрылыс: ауқымы мен даму көкжиегі» атты талдамалық баяндамада ұсынды.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов бағдарламаның инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және отандық өнеркәсіпті жаңғыртуға бағытталған Жолдаудың кең ауқымды экономикалық күн тәртібінің бір бөлігі екеніне тоқталды.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және тұрғын үй саласын қаржыландыру тетіктерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін жетілдірудің, азаматтардың баспана сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтудің, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы көлемінің өсуі мен халықтың төлем қабілетті сұранысы арасындағы байланысты қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
«Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев тұрғын үй құрылысын дамыту перспективаларына, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктеріне және жеке инвестициялар тарту мәселелеріне тоқталды.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Эльдар Гумаров жаңа құрылыс кезеңінің отандық өнеркәсіп өндірісі мен экономиканың сабақтас салаларын дамыту үшін зор әлеуетке ие екенін жеткізді.
Бірлескен «Қазақстандағы кең көлемді халықтық құрылыс: ауқымы мен даму көкжиегі» атты талдамалық баяндаманың таныстырылымы барысында еліміздің құрылыс нарығының қазіргі жай-күйі мен даму қарқынына, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларына, сондай-ақ құрылыстағы өңірлік белсенді іс-қимылдар ерекшеліктеріне қатысты талдау жасалды. Тұрғын үй құрылысын дамытуға, оны қаржыландыру тетіктеріне, сондай-ақ құрылыс материалдары мен жабдықтарына деген өсіп келе жатқан сұранысты отандық өнеркәсіптің қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ауқымды құрылыстың инвестиция тарту, сабақтас салаларды дамыту, өндірістік кооперацияны нығайту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қазақстандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту сияқты ықтимал экономикалық әсерлері де қарастырылды.
Сараптамалық пікірталас барысында қатысушылар құрылыс кешенін дамыту перспективаларын, инфрақұрылымдық инвестициялардың экономикалық тиімділігін арттыру тетіктерін, отандық өндірісті кеңейту және шағын және орта бизнесті ауқымды жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Талқылау Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру бойынша сарапшылар, даму институттары мен бизнес өкілдері арасындағы алдағы өзара іс-қимыл бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.


