Ақмарал Мұрат: «Депутаттың басты міндеті – халық сенімін нақты іспен ақтау»
Мәслихат депутаттығына кандидат Ақмарал Ерланқызы Мұрат №4 бірмандатты сайлау округі бойынша сайлауалды үгіт-насихат науқанына кірісті. Бұған дейін №21 сайлау округінің тұрғындары атынан депутаттық қызмет атқарған ол бұл жолы да ел мүддесін қорғап, халықтың өзекті мәселелерін шешуге атсалысуды мақсат етіп отыр.
Ақмарал Мұраттың айтуынша, өткен жылдардағы депутаттық қызметі оған тұрғындармен тығыз байланыс орнатудың, олардың талап-тілектерін ескерудің және көтерілген мәселелердің шешілуіне жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті. Депутаттық жұмыс барысында бірқатар маңызды мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешуге мүмкіндік туған.
Оның пікірінше, халық өкілі болу – үлкен жауапкершілік. Депутаттың жұмысы құрғақ уәдемен емес, нақты іспен бағалануы тиіс. Ол үшін тұрғындармен тұрақты байланыста болып, олардың ұсыныстары мен өтініштеріне құлақ асу маңызды.
Алдағы сайлауалды кезеңде Ақмарал Мұрат тұрғындармен кездесіп, олардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ өз жоспарлары мен бастамаларын ашық таныстырып, округтің өзекті мәселелерін бірлесе талқылауға дайын екенін жеткізді.
Кандидаттың ұстанымы айқын: кез келген мәселенің шешімі халықпен ашық диалогтан басталады. Ал сенімге ие болу үшін сөз бен істің арасында сәйкестік болуы қажет.