Саят Базанов: «Нақты іс пен нәтижелі жұмыс – басты ұстанымым»
Семей қалалық мәслихатының депутаттығына №9 сайлау округі бойынша кандидат ретінде Саят Булатұлы Базанов тіркелді. Семей қаласында туып-өскен ол заңгер мамандығын меңгеріп, еңбек жолында прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарында қызмет атқарған. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік саласында еңбек етіп келеді.
Кандидаттың айтуынша, туған қаласының дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру – басты назардағы мәселелердің бірі. Оның пікірінше, Семейдің тұрақты дамуы үшін қала инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге де басымдық берілуі қажет.
Атап айтқанда, жолдардың жағдайы, коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жастардың болашағына қатысты мәселелер өзекті бағыттар қатарында. Саят Базанов осы мәселелердің шешілуіне өзінің кәсіби білімі мен жинақтаған тәжірибесін жұмсауға ниетті.
Ол тұрғындармен ашық байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдаудың маңыздылығын атап өтеді. Өйткені қаладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ең алдымен халықтың пікірін ескеріп, нақты қажеттіліктерге назар аудару керек.
Саят Базановтың негізгі ұстанымдары – әділдік, ашықтық және жауапкершілік. Оның пайымынша, халық сенімі құр уәдемен емес, нақты іспен және нәтижелі жұмыспен қалыптасады.