Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
452.91 509.43 5.53

Қазақстан тұщы су айдындарын қалпына келтіру бойынша әлемдік рейтингте алтыншы орынға шықты

Кеше, 18:19

Қазақстан тұщы су айдындарын қалпына келтіру бағытында әлемдегі үздік он елдің қатарына енді. GEOSTATISTICA жобасы жариялаған халықаралық рейтингте еліміз алтыншы орынға тұрақтаған. Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы аумағы шамамен 330 мың гектар болатын деградацияға ұшыраған көлдер, өзендер мен сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Климаттық жағдайы құрғақ әрі су ресурстары шектеулі Қазақстан үшін әрбір су айдынын сақтау мен қалпына келтірудің маңызы зор.

Рейтингтің бірінші сатысында Индонезия орналасқан. Бұл елде қалпына келтіріліп жатқан су айдындары мен сулы-батпақты алқаптардың аумағы 6 миллион гектарға жуықтайды. Индонезия ұзақ жылдар бойы көміртекті молынан жинақтайтын тропикалық шымтезекті алқаптарды қалпына келтірумен айналысып келеді.

Екінші және үшінші орындарды Польша мен Бенин иеленген. Бұл мемлекеттердің әрқайсысында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақ 1 миллион гектарға жуық. Ал алғашқы бестікті Камерун мен Ирак түйіндейді.

Қазақстан алтыншы орынға жайғасып, АҚШ, Нидерланд, Кения және Моңғолия сияқты мемлекеттерден озып шықты. Айта кетейік, АҚШ-та қалпына келтіріліп жатқан аумақтың көлемі 310 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш Қазақстанмен салыстырғанда айтарлықтай алшақ емес.

2024 жылдың желтоқсанында Эр-Рияд қаласында өткен One Water саммитінде Қазақстан Freshwater Challenge халықаралық бастамасына ресми түрде қосылды. Аталған бастама – әлемдегі тұщы су ресурстарын қорғау және қалпына келтіруге бағытталған ең ірі халықаралық жобалардың бірі. Қазақстан бұл саммитті ұйымдастырушылардың қатарында болды.

Бастаманың негізгі мақсаты – 2030 жылға дейін 300 мың шақырым өзенді және 350 миллион гектар сулы-батпақты алқапты қалпына келтіру. Қатысушы мемлекеттер ұлттық деңгейдегі мақсаттары мен жобаларын өздері айқындайды, ал халықаралық қорлар оларды қаржыландыруға қолдау көрсетеді.

Қазақстандағы су айдындарын қалпына келтірудің ең танымал мысалы – Солтүстік Арал теңізі. 2005 жылы еліміз Сырдария өзенінің суын ұстап қалу және Кіші Аралды сақтап қалу мақсатында Көкарал бөгетін салды. Сонымен қатар суару жүйелері жаңғыртылып, теңізге түсетін су көлемін арттыру жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 миллиард текше метрден 2025 жылдың соңында 23 миллиард текше метрге дейін өскен.

Қызылордада өткен қаңтар айындағы Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Аралды құтқару мәселесінің бүкіл адамзат үшін маңызды міндет екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, «кезінде тартылып қалған теңіз қайта оралып, Кіші Арал біртіндеп қалпына келіп жатыр».

Ендігі кезекте жобаның екінші кезеңі қолға алынбақ. Ол Көкарал бөгетін қайта жаңғыртуды көздейді. Жобаның мақсаты – Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру. Жұмыстарды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы табыстың су дипломатиясына да тікелей байланысты екенін атап өтті. Себебі Қазақстан аумағы арқылы ағатын көптеген өзен көршілес мемлекеттерден бастау алады. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану мен сақтау мәселесінде мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңызы ерекше.

Ал Каспий теңізіндегі жағдай күрделене түсуде. Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экологиялық саммитінде Мемлекет басшысы Әзербайжанның теңіз деңгейінің төмендеуіне қатысты вице-премьерлер деңгейінде үкіметаралық комиссия құру туралы ұсынысын қолдады.

Президенттің пікірінше, Каспийдің тартылу салдарын азайту, оның зардаптарын жеңілдету және аймақтағы экономикалық әрі экологиялық жүйелердің жаңа жағдайларға бейімделуіне көмектесу үшін бірлескен нақты іс-қимылдарға көшу қажет.

Теңіз деңгейінің төмендеуі кеме қатынасына, порт инфрақұрылымына, балық шаруашылығына, энергетика мен өнеркәсіп салаларына елеулі қауіп төндіріп отыр. Қазіргі таңда Каспий теңізінің акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астам аумаққа қысқарған.

Сонымен қатар Каспий итбалығының тағдыры да ерекше алаңдаушылық туғызады. Соңғы бір ғасырда бұл жануардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған.

Осыған байланысты Каспий маңы мемлекеттері Қазақстанның теңіздің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы ұсынысын қолдады.

Су мәселесі Мемлекет басшысының қазан айының соңында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да кеңінен қозғалды. Президент су ресурстары тапшылығы жүйелі әрі батыл шаралар қабылдауды талап ететінін атап өтті.

Үкімет пен әкімдіктерге суды тұтынуды бақылауды күшейту, су желілеріндегі шығындарды азайту және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға жол бермеу жөнінде тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, ауызсуды көлік жуу орындарында тиімсіз пайдалануды шектеу қажеттігіне назар аударылды.

Мемлекет басшысы судың нақты құнын ескеріп, су тұтыну саласындағы басталған тарифтік реформаны соңына дейін жеткізу керектігін айтты.

Сондай-ақ су ресурстарын есепке алу жүйесін цифрландыру міндеті қойылды. Үкіметке Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін құру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды.

Президент атап өткендей, «суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы керек».

Осылайша, Қазақстанның халықаралық рейтингтегі көрсеткіші еліміздің су ресурстарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарының ауқымын көрсетеді. Алайда Солтүстік Аралды сақтау, Каспийдің тартылуына қарсы күрес және су тапшылығының алдын алу әлі де кешенді әрі ұзақ мерзімді шешімдерді қажет етеді. Өйткені су – тек табиғи байлық емес, елдің экологиялық қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың өмір сапасын айқындайтын стратегиялық ресурс.


 


 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив