Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
452.91 509.43 5.53

Жолдау-2026: Қалалардың даму жоспары әзірленіп, инфрақұрылымы цифрландырылмақ

Бүгін, 10:09

Қазақстанда қалалардың қауіпсіздігі мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкімет пен әкімдіктерге ірі қалалардың даму стратегиясын әзірлеу, инфрақұрылымды тиімді басқару және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Президенттің айтуынша, ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі де мемлекеттің тұрақты назарында. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін қажетті жағдайлар жасалып келеді. Дегенмен, қазіргі кезеңде қалалар экономикалық өсімнің, білім мен технологияның, сондай-ақ адами капиталды дамытудың негізгі орталығына айналып отыр.

Мемлекет басшысы қуатты қалалардың дамуы тұтас өңірлердің өркендеуіне, ал өңірлердің әлеуеті елдің экономикалық күш-қуатына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Осыған байланысты әрбір ірі қаланың орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы қажет. Мұндай құжаттар Үкімет тарапынан бекітіліп, қалалардың болашақтағы даму бағыттарын нақты айқындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қала ресурстарын тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды басқару жүйесін жетілдіру үшін цифрлық технологияларды енгізу көзделіп отыр. Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, жақын арада әрбір қаланың инфрақұрылымдық цифрлық моделін әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы қалаларды қауіпсіз, жайлы әрі көрікті ету мәселесіне мемлекеттік маңызы бар міндет ретінде қарау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл талап «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасының мақсаттарымен де үндеседі.

«Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, Жолдауда көтерілген міндеттер қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, өңірлердің даму қарқынын арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте қалалардың даму жоспарын жүйелі жүзеге асыру мен цифрлық басқару тетіктерін енгізу негізгі басымдықтардың бірі болмақ.


 


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив