Қазақстан Президенті мен Иордания Королі келіссөз жүргізді
Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алу рәсімі өтті.
Мәртебелі мейманның құрметіне Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Иорданияның Мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын орындады.
Келіссөз аясында Мемлекет басшысы Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейннің Қазақстанға ресми сапары елдеріміз арасындағы берік достықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзара мүддеге сай барлық салада қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруға баса мән беретініне тоқталды. Экономикалық ықпалдастық қазақ-иордан қарым-қатынасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді. Сонымен қатар академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту, өзара туристер ағынын арттыру арқылы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор.
Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешу тәсілдері ұқсас екеніне назар аударып, Иордания Королінің достық байланыстарды нығайтып, қос халықты жақындастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Король ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ықыласпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан мен Иорданияны бұрыннан келе жатқан қарым-қатынас, өзара құрмет, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі ортақ ұстаным байланыстыратынын жеткізді.
Король ІІ Абдалла Ақаба процесі аясындағы кездесулердің жаңа раундын бірлесе ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл екі елдің қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық сын-қатерлерді шешуге бейілдігін көрсетеді.
Осы орайда, Иордания Королі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.





