Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы бастама көтерді. Бұл туралы Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, биыл жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы озық технологияларға негізделген мемлекет қалыптастыруға тың серпін берді. Ендігі кезекте бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, жасанды интеллектке негізделген цифрлық экономиканы дамыту қажет.
Мемлекет басшысы бұл іске Үкіметпен қатар ұлттық компаниялар мен креативті индустрия өкілдері де белсенді атсалысуы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, цифрлық дәуірдің талаптарына сай даму – ел алдындағы маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ экономикасын қалыптастыру үшін ескірген тәсілдерден бас тартып, қоғам дамуының жаңа негізін құру қажеттігіне тоқталды. Президент қандай қиындықтар мен қауіп-қатерлерге қарамастан, елдің басты мақсаты жаңа тұрпатты мемлекет қалыптастыру, жаңғыру мен жаңару жолын жалғастыру екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы алдағы жылы еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілетінін айтты. Атап айтқанда, облыс орталықтарында, аудандар мен елді мекендерде жаңа нысандар салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту көзделіп отыр.
Осыған байланысты Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Оның айтуынша, бастама аясында еліміздің барлық аймағында азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары қолға алынуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект дәуірінің сын-қатерлеріне ел болып жауап берудің маңызды жолдарының бірі – құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту екенін атап өтті. Президент бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымды әрі жүйелі жүргізілуі қажеттігін баса айтты.
Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта жолдар, әуежайлар мен вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары салынбақ. Бұдан бөлек, барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруі қажет.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын дамытуды да негізгі міндеттердің бірі ретінде атады.
Президенттің сөзінше, Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілген. Сондықтан қолға алынатын барлық бастама ел игілігіне, әсіресе өскелең ұрпақтың жарқын болашағына бағытталуы тиіс.