Облыс әкімі Ақсуат ауданының тұрғындарымен кездесті
Жиында алдымен Ақсуат ауданының әкімі Ерсін Ескендіров ауданның 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Облыс әкімі Берік Уәли өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайында айтты.
Ақсуат ауданында биылғы тоғыз айда 33,8 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл басынан бері 38 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ауданда жалпы құны 12,7 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. «ДОРА-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 1,2 млрд теңгеге туризмді дамыту жобасын, «Алтын Алтай» шаруа қожалығы 1 млрд теңгеге тамшылатып суару жүйесін енгізу жобасын жүзеге асырып жатыр.
Инфрақұрылымды жаңарту бағытында Ақсуат, Қызылжұлдыз, Қожагелді, Көкжыра, Кіндікті және Қарғыба ауылдарында су құбырлары жөнделуде. Биыл аудандағы бес ауылдың көшелері жөнделді. Ойшілік ауылына кіреберіс жол жөнделіп, Тебіске өзені арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді.
Аудандағы сегіз мектеп жөнделіп, үш мектепке жаңа жабдықтар сатып алынды. Аудан мектептеріне сегіз автобус беру көзделген. Оның біреуі Қарғыба ауылындағы Гагарин атындағы мектепке табысталды, қалған жетеуі жыл соңына дейін беріледі.
Денсаулық сақтау саласында аудандық аурухананың күрделі жөндеуі толық аяқталды. Медициналық мекемеге жаңа жабдықтар сатып алынды.
Ауданның Екпін және Ойшілік ауылдарында жаңа спорт кешендері ашылды. Алдағы уақытта Марат Имашев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қаржылық лизинг арқылы бір автобус беру көзделіп отыр.
Көкжыра ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ақсуат және Ойшілік ауылдық кітапханаларының базасында «Жаңа клуб» орталықтары құрылды. Аудандық мемлекеттік архивке компьютерлік жабдықтар сатып алынды.
Аудандағы 20 ауыл мобильді интернетпен қамтылған. Қызылкесік, Үштөбе және Кіндікті ауылдарында антенна-діңгек құрылыстары аяқталып, электр желісіне қосылды. Бұл ауылдарды жыл соңына дейін 4G желісіне қосу көзделіп отыр.
Аймақ басшысы кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерге тоқталып, ауданның инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Аймақ басшысы кездесудің алдында аудандық Мәдениет үйінде оқушылардың көрмесін тамашалап, аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар суармалы егістік алқаптарын кеңейту, шаруа қожалықтарына электр желілерін тарту, тұрғын үймен қамту мәселелері көтерілді. Аймақ басшысы тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқармалар мен аудан әкіміне аталған мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды.
Бұған дейін басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді. Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.





