Ақсуат ауданында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр
Облыс әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданы Екпін ауылындағы «Мәуліт» шаруа қожалығына барды. Аймақ басшысы 5 мың бас бұқашыққа арналған мал бордақылау алаңының жұмысымен танысып, шаруашылықтың өндірістік әлеуетін көрді.
«Мәуліт» шаруа қожалығы 2007 жылы құрылған. Биыл қожалық Екпін ауылдық округіне қарасты Қазанғап учаскесінде 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Қазіргі уақытта мұнда 4 мың бас бұқашық бордақылануда. Мал қабылдау жұмыстары Ақсуат ауданының ауыл тұрғындары мен шаруашылықтары есебінен жүргізіліп жатыр. Бұл жергілікті мал өсірушілерге бұзауларын тиімді бағамен өткізіп, қосымша табыс табуға да мүмкіндік береді.
Шаруашылық 5 135 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіріп отыр. Техникалық базасында 8 ауыл шаруашылығы техникасы, 10 қосалқы жабдық, 2 жүк тиегіш және 2 «КамАЗ» автокөлігі бар. Мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңде тағы 10 адам жұмысқа тартылады. Шаруашылық мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына да қатысады.
Бордақылау алаңының толық қуатта жұмыс істеуі ет өндірісінің көлемін арттырып, ауданның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Аймақ басшысы мұндай жобалардың жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу ісін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
«Мәуліт» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған. Жоба ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және алдағы уақытта отандық өнімнің экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.




