Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
447.14 499.54 5.46

Әлеуметтік қорғау – Ата Заңның басты басымдықтарының бірі

Бүгін, 09:00

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы 31-бап азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған. Аталған бапта мемлекет азаматтарға ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшеріне кепілдік беретіні, сондай-ақ өмірлік түрлі жағдайларға байланысты әлеуметтік қамсыздандыруды қамтамасыз ететіні көрсетілген.

Конституциялық нормаға сәйкес, Қазақстан азаматтары жасына, денсаулық жағдайына, мүгедектігіне немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қолдауға құқылы. Бұл – азаматтардың өмірлік қиын жағдайларда мемлекет қорғауында болуына құқықтық негіз қалыптастыратын маңызды кепілдіктердің бірі.

Сонымен қатар 31-бапта ерікті әлеуметтік сақтандырудың және әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де нысандарының дамуына қолдау көрсетілетіні атап өтілген. Бұған қоса, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық та мемлекет қолдауына ие болады.

Аталған баптың маңызы – әлеуметтік жауапкершілікті күшейтіп, халықтың әл-ауқатын қорғауды конституциялық деңгейде бекітуінде. Яғни мемлекет азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ал қоғам еріктілік пен қайырымдылық арқылы өзара көмек мәдениетін дамытуға бағытталған ортақ ұстанымды басшылыққа алады.

Жаңа Конституцияның 31-бабы әлеуметтік мемлекеттің басты қағидаттарының бірі – азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау және оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау екенін айқындайды.



Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив