Отан қорғау – әр азаматтың конституциялық міндеті
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін сақтау мәселесіне ерекше мән берілген. Осы тұрғыда Ата Заңның 39-бабының маңызы зор. Аталған бапта Отанды қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы мен міндеті ретінде айқындалып, ел алдындағы жауапкершіліктің конституциялық негізі бекітілген. Бұл норма мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға ғана емес, азаматтардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға да бағытталған.
Конституцияның 39-бабында Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы әрі міндеті екені көрсетілген. Мұның мәні тереңде жатыр. Себебі Отанды қорғау ұғымы тек әскери борышты өтеумен шектелмейді. Ол елдің егемендігін құрметтеу, мемлекеттік рәміздерге тағзым ету, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және туған жердің болашағына жауапкершілікпен қарау сияқты азаматтық ұстанымдарды да қамтиды. Әрбір азаматтың мемлекет алдындағы міндетін сезінуі – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің берік болуына ықпал ететін маңызды фактор.
Баптың екінші тармағында азаматтардың әскери қызметті заңда белгіленген тәртіппен және талаптарға сәйкес өткеретіні айқындалған. Бұл әскери міндеттің құқықтық негізде жүзеге асырылатынын білдіреді. Әскер қатарында қызмет ету – азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуінің маңызды жолдарының бірі. Сонымен қатар әскери қызмет жастарды тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділікке және ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Отан қорғау міндетін орындау барысында азаматтар елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып, мемлекеттік мүддені қорғаудың маңызын терең түсінеді.
Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай мен халықаралық қауіпсіздік мәселелері мемлекеттің қорғаныс әлеуетін үнемі нығайтып отыру қажеттігін көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда азаматтардың әскери-патриоттық тәрбиесі, жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастыру ерекше маңызға ие. Өйткені тәуелсіздікті сақтау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осы ретте білім беру ұйымдарында патриоттық тәрбие жұмыстарын күшейту, жастарға әскери қызметтің мәні мен маңызын түсіндіру және азаматтық белсенділікті арттыру өзекті бағыттардың бірі болып қала береді.
Конституцияның 39-бабы – Отан алдындағы борыш пен азаматтық жауапкершілікті айқындайтын маңызды құқықтық норма. Оның негізгі мақсаты – ел тәуелсіздігін қорғауға дайын, мемлекет тағдырына бейжай қарамайтын саналы азамат қалыптастыру. Отанды сүю – құр сөзбен емес, нақты іспен дәлелденетін қасиет. Ал елдің қауіпсіздігі мен болашағына жауапкершілікпен қарау – әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымы болуы тиіс.