Абай облысында кітап оқу марафонына 30 мыңнан астам адам қатысты
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте «Кітап оқитын ұлт» жобасының өңірде іске асырылу барысы талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Абай облысы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық офисінің жетекшісі Мерей Қарт баяндады.
Кітап оқу марафонының негізгі мақсаты – тұрғындар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және зияткерлік белсенділікті дамыту. Қазіргі таңда Абай облысындағы кітап оқу марафонына 30 мыңнан адам тіркелген. Аудандар арасында Аягөз ауданы жазылған пікірлер саны бойынша көш бастап тұр. Ал Жарма ауданында тіркелген қатысушылар саны ең жоғары көрсеткішке жетті.
Марафон аясында «Оқырман мектеп», «Оқырман педагог» бағыттары бойынша белсенділік жоғары. Атап айтқанда, мектеп бағыты бойынша 15 681 қатысушы 8 393 пікір жазса, педагогтер арасында 6 290 адамнан 6 448 пікір түскен. Бұдан бөле, марафон «Оқырман колледж», «Оқырман университет», «Оқырман әулет», «Оқырман мемлекеттік қызметші», «Оқырман интеллектуал» және «Parasat» бағыттарын қамтиды.
Аймақ басшысы «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қатысушылардың белсенділігін арттыру, үздік нәтиже көрсетіп отырған аудандардың оң тәжірибесін тарату қажеттігін айтты.







