Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Бүгін Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланады

25-05-2023, 09:18 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Абай облысының Бородулиха ауданындағы ірі табиғи өртті жою мәселесі қаралды. 

Өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев қазіргі таңда жағдай ерекше бақылауға алынып, өртті сөндіру үшін жедел штаб жұмылдырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, өрт ошақтарын сөндіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, алайда желдің екпіні мен батпақты жерлер жұмысты қиындатуда. Өрт шарпыған аумақтың ауданы 3,5 мың га құрайды. Өртті сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылған.

Ол елді мекендерге қауіп төніп тұрмағанын, алайда қауіпсіздік мақсатында қосымша 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланғанын атап өтті. Тонау фактілерінің алдын алу үшін эвакуациялау орнында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Сонымен қатар бүгін Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланады. 

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі, генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев хабарлағандай, өртті сөндіруге ТЖМ, ІІМ, ЭТРМ, ҚТЖ, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған. Жағдай бақылауда, өртті оқшаулау және жою бойынша барлық мүмкін шаралар қабылданып жатыр. 

Премьер-Министр өңірлердің өрт қауіпсіздіне дайындық мәселесі өткен Үкімет отырысында ғана қаралғанын еске салды. 

«Көріп отырғанымыздай, қауіп өте жоғары. Ең бастысы, елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ. Өрт толық бақылауға алынды. Енді оны оқшаулап, толығымен сөндіру керек. Бұл – әкімдік пен Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің ортақ міндеті», — деді Әлихан Смайылов. 

Ол сондай-ақ Абай облысына өрт сөндіру күштері мен техникаларын жіберіп, көмек көрсеткен өңірлерге Үкіметтің атынан алғысын білдірді. 

«Экология министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, өрт ошақтарын толығымен жойып, келтірілген залалды бағалау үшін “Семей орманы” резерватының аумағына тексеру жұмыстарын жүргізуі қажет», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив