Абай облысында жыл басынан бері 171 мыңнан астам профилактикалық екпе жасалды
Абай облысында 2026 жылдың алғашқы 10 айында 171 мыңнан астам профилактикалық екпе жүргізілген. Өңірде жыл сайын 220 мыңнан астам екпе жасалса, оның 119 мыңнан астамы балаларға салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева мәлімдеді.
Баспасөз конференциясына сондай-ақ Семей қаласының 4 емханасының дәрігер педиатры Әсем Шалабаева және облыстың штаттан тыс бас инфекционисті Имдат Эфендиев қатысты. Мамандар вакцинацияның маңызы, балаларды жоспарлы иммундау және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
Семей қалалық 4 емхананың дәрігер педиатры Әсем Шалабаева балаларды жас ерекшеліктеріне сәйкес уақытылы вакцинациялаудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар 11 жастағы қыз балаларға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салынады. Бұл екпе жатыр мойны обырының алдын алуға көмектеседі.
Абай облысының штаттан тыс бас инфекционисті Имдат Эфендиев жұқпалы аурулардың таралу қаупі мен олардың алдын алу шараларына тоқталды.
Биыл облыста төрт жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 5 жағдайы тіркелген. Сондай-ақ профилактикалық екпе алмаған адамдар арасында А вирустық гепатитінің 30 жағдайы анықталған.
Мамандар тұрғындарды профилактикалық екпелерден бас тартпауға, ұлттық екпе күнтізбесін сақтауға және жұқпалы аурулардың алдын алу үшін уақытылы вакцинациядан өтуге шақырды. Қосымша ақпаратты учаскелік дәрігерден немесе egu.kz сайтынан алуға болады.